Біз телерадиохабар тарату кезінде жергілікті контентке баса назар аударамыз. Бұл жөнінде елордада өтіп жатқан Radio Asia – 2018 конференциясы барысында Бутан мемлекетіндегі BBS радиохабар тарату қызметінің өкілі Тшеринг Вангчук мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Мен бүгін тек радио ғана емес, телевидение туралы да айтқым келеді. Себебі, бұл екеуін бір-бірінен бөліп қарастыра алмаймын. Бізде 100 процентті жергілікті контент. Бұл ең алдымен қаржыландырудың шектелуіне байланысты болып отыр. Себебі, біздегі жыл сайынғы бюджет 7 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл қаражат кейбір беделді арналардың бір бағдарламаға жұмсайтын қаражатына тең. Сол себепті біз жергілікті контентті дамытуға үлкен назар аударамыз және бұл біздің №1 міндетіміз. Біз бұл мәселеде айтарлықтай үлкен зерттеулер жүргізбейміз. Бірақ, біз тыңдармандармен кері байланысқа үлкен көңіл бөлеміз. Әр тыңдарман мен көрерменнің көңілін табу үшін жастың да, қарттың да қалаулы бағдарламалары, әндері және фильмдерін ұсынуға барынша тырысамыз», - деді шетелдік қонақ.
Бутандық телерадиохабар тарату ұйымының өкілі атап өткендей, әлемдік деңгейдегі жаңалықтар көрермендер тарапынан аса қызықты бола бермейді.
«Сол сияқты, біз әлемді таң қалдырған жаңалықтардың барлығын бірдей ұсына бермейміз. Мысалы, Португалия Уругвайдан жеңіліп, Криштиану Роналду Футболдан әлем чемпионатынан шығып қалғаны туралы ақпарат. Біріншіден, бұл жаңалықты BBC көрсетіп қойса, BBS-дің оны қайталауының не қажеті бар? Екіншіден, біздің аудиториядан «Криштиану Роналду деген кім?» деген сауал келіп жатады. Яғни, кейбір сегменттердегі адамдар үшін мұндай тақырыптағы жаңалықтар еш қызық емес. Себебі, біздің еліміздегі көп адамдар әлі де ауылдық жерде тұрады. Сонымен қатар, біздің мемлекетте шетелдік контентті ұсынатын 60 жуық арна бар, ал, жергілікті контент тек BBS. Сол себепті, біз жергілікті контентке аса назар аударамыз», - деді Тшеринг Вангчук.
Еске сала кетсек, шілденің 10-12 аралығында елордада алғаш рет Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағымен (ABU) бірлесіп ауқымды шаралар ұйымдастырылып отыр. Айта кету керек, Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағы коммерциялық емес ірі кәсіби қауымдастық және ол 69 елдегі 292 хабар тарату ұйымының басын біріктіріп отыр. Оның әлеуетті аудиториясы шамамен 3 млрд адамды құрайды.
Дереккөз: Baq.kz