Түркияда төтенше жағдай режимі аясында тағы 18 мың 632 мемлекеттік қызметкер жұмысынан босатылды. Оларға ел ішінде террорлық ұйым деп танылған дін уағызшысы Фетхуллах Гүлен қозғалысына қатысы бар деген айып тағылып отыр.
Түркияның «Resmi Gazete» басылымының хабарлауынша, қарулы күштерден 6152, ұлттық қауіпсіздік қызметінен 9 мыңға жуық, әділет пен білім министрлігінен 1700-ден аса адам қызметінен кетті.
Сондай-ақ үкіметтің қаулысымен 12 қоғамдық ұйым, 3 газет және бір телеарна өз жұмысын тоқтатты. Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылдың 16 шілдесінде болған төңкеріс әрекетінен кейін Түркияда төтенше жағдай мерзімі жарияланған еді.
Оның барысында ел ішінде бүлікке қатысы бар 50 мыңнан аса адам тұтқындалып, 140 мыңдай мемлекеттік қызметкер жұмыстан қуылды.
Дереккөз: 24.kz