Канадалық-америкалық инженер және өнертапқыш Илон МаскТаиландта су алған үңгірде қамалып қалған оқушыларды құтқаруға арналған шағын суасты қайығын ойлап тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Илон Масктың Туиттердегі парақшасына сілтеме жасап.
«Таиландпен кері байланыс орнатылды. Ең алдымен, Falcon зымыранының сұйық оттегі тұтқасын қолдану арқылы шағын суасты қайығын жасадық. Үңгірдің кез келген жерінен өтіп кетуі үшін өте жеңіл және 2 сүңгуір алып жүру үшін шағын етіп ойластырдық. Суасты қайығы мықты етіп жасалған», - деп жазды Илон Маск Туиттердегі парақшасында.
Сондай-ақ, өнертапқыш суасты қайығын сынақтан өту сәтінің видеосын жүктеген.
Еске сала кетсек, 23 маусым күні Таиландтағы ұлттық парк қызметкерлері үңгірге кіре берісте мотоцикл мен велосипедтерді, спорттық жабдықтарды тауып алған. Олар жергілікті футбол командасына хабарласып, ол жақтан табылған заттардың шынында да 11-16 жас аралығындағы 12 мектеп оқушысына және 25 жастағы бапкерге тиесілі екенін растаған.
Олар адасып кеткен үңгірдің іші 10 шақырымдық жолдарға бөлінген. Бірнеше шығатын және кіретін бөліктері бар. Таиланд билігі үңгірде хабарсыз кеткен балаларды құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгін аталған үңгірде қалып қойған төрт бала жердің бетіне шығарылды.
Дереккөз: inform.kz