Велосипедшілер экспедициясының мүшелері 25 маусымда Атырауда аялдады.
Қатысушылардың ең жасы - 40-та болса, үлкені - 83 жаста. Сәуір айының басында олар Пекиннен Лондонға аттанған. Топта барлығы әр түрлі жастағы 87 спортшы бар. Олар Белгия, Франция, Канада және Қытайдан келгендер. Экспедиция Француз велотуризм федерациясының бастамасымен өтіп жатыр.
Топтың жетекшісі, көп жылғы тәжірибесі бар велосипедші Мишел КАБАРДЫҢ (суретте) айтуынша, бұл Қазақстан аумағынан өтіп бара жатқан халықаралық велоэкспедицияның екінші сапары екен. Оның біріншісі 2008 жылы Париж-Пекин маршруты бойынша болған.
Топ құрамында Параолимпиадалық ойындарға қатысады делінген зағип велосипедші де бар. Ол экспедицияның басқа қатысушыларымен бірге екі кісілік велосипедпен жүреді. Достары оның Лондонға жетуіне көмектесуді өз міндеттеріне алып, ол үшін жанкүйер болуға дайын.
Велосипедшілер керуенінде шаршағандар үшін автобустар жоқ, тек велосипедтің қосалқы бөлшектерін тиеген екі жүк машинасы ғана бар. Саяхатшылар жергілікті жердің қонақжайлылығымен танысуды да мақсат тұтқан сыңайлы. Олар маусымның 23-інде Мұқырда, 24-інде Мақатта болды. Атыраудағы тарихи-өлке тану мұражайына бас сұғып, Еуропа мен Азияны бөліп тұрған орталық көпірді тамашалады. 26 маусымда Аққыстауға, 27 маусымда Ганюшкиноға ат басын тіреді.
Облыстық спорт және туризм басқармасының туризм бөлімінің бастығы Қарлығаш БЕКБАЕВАНЫҢ айтуынша, атыраулық тарап саяхатшылар үшін экскурсия және түнде қонатын жерді ұйымдастырады екен. Ішіп-жем үшін төлемақы күніне 300 мың теңгеден айналады. Месье Кабар бұған дейін келген сапарларымен салыстырғанда Қазақстанда біраз өзгерістердің орын алғандығын атап өтті: «WI-FI пайда болған, көптеген үйлер салынып, жастар сәнді киіне бастаған. Бұл өте жақсы ғой», - деді ол.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ,
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ