Сирияның оңтүстік-батысындағы әскери қимылдардың салдарынан үйлерін тастап қашқан адамдардың саны 270 мыңға жетті. Бұл туралы Иорданиядағы БҰҰ-ның босқындар жөніндегі басқармасының өкілі хабарлады.
Ал осы елдің ақпарат министрлігінің мәлімдеуінше, шекара маңына жиналған халыққа көмек көсетіле бастады. Бірақ ресми Амман босқындарды елге кіргізуден бас тартып отыр. Өйткені Иордания бұған дейін 1 миллионнан астам сириялықты қабылдаған.
Еске сала кетейік, Сирия үкіметінің әскері елдің оңтүстік-батысындағы Дераа аймағына шабуылды маусымның 18-і күні бастады. Мақсат – Иорданиямен шекаралас өңірлерді бақылауға алу. Қазірге дейін әскерилер 70-тен астам қала мен ауданды азат еткен. Босқын: – Бізге тамақ пен баспана керек. Біз ашық аспан астында күнелтуге мәжбүрміз. Көп адам үйлерін тастап, босып кетті. Ол жақта барлығы қираған. Бізге көмек керек.
Дереккөз: 24.kz