Facebook парақшасында бұрынғы биология пәнінің мұғалімі әрі мектеп-лицейінің директоры (2011-2016 жж.), ал қазір Мәжіліс депутаты Ирина СМИРНОВА химия, физика, биология және информатика пәндерінің мұғалімдерін ағылшын тіліне оқыту үшін республикалық бюджеттен бөлінген 5,6 млрд теңгенің жайы туралы сұрады. «АЖ» тілшісі осыған қатысты облыстық білім беру басқармасының бастығы Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВҚА, сондай-ақ, жақында Атырауда ағылшын тілі курстарын бітірген мұғалімдерге сұрақтар қойған еді.
- Өткен жылы біздің өңірдің 12 мектебінің 15 сыныбында пилоттық режимде физика, информатика, химия және биология ағылшын тілінің элементтерімен оқытылды. Толықтай емес, «элементтермен» оқытылғанын атап өтемін. Биыл 496 мұғалім ағылшын тілі курстарын аяқтады, алған жетістіктеріне байланысты B1, B2 және C1 санаттарын алды. Бұл педагогтар ағылшын тілінде сабақ бере бастайды - бірден емес, бірте-бірте. Бірден басқа тілде сөйлеп кету қиын ғой, оның үстіне, әңгіме оқыту туралы болып отыр, - дейді Кенжеғалиев.
- Атырау облысында ағылшын тілі курстарына қанша қаражат бөлінді?
- Мен мұны айта алмаймын, себебі ақша министрліктен бөлінді.
- Ағылшын тілін бұл мұғалімдер қаншалықты жақсы біледі?
- Курстың соңында олар тест тапсырды, барлығы оң баға алды. 2020 жылдан бастап біздің өңірде ғана емес, бүкіл елде бұл төрт пән ағылшын тілінде оқытылатындығы белгілі. Біз осыған дайындалып жатырмыз.
Атырау мемлекеттік университетінің базасында ағылшын тілі курстарын бітірген биология пәнінің оқытушысы К. өз әсерлерімен бөлісті:
- Курстар өткен жылдың қыркүйегінде басталды. Әрине, оңай болған жоқ. Көптеген сөздердің маған бұрыннан таныс екені жақсы болды, өйткені, биологиядағы терминдер латын тілінен шыққан. Қазір белгілі бір фразаларды білемін, оқушылармен ағылшын тілінде қалай сөйлесу керектігін білемін. Бірақ олар маған сұрақтар қоя бастаса, кідіріп қаламын (күледі). Біздің топта түрлі мектептен 20 мұғалім болды. Қызықты өтті.
Физика пәнінің мұғалімі А.:
- Мен үшін бұл өте қиын болды. Бәлкім, жасыма байланысты шығар, өйткені зейнетке шығатын уақыт келді.
- Ағылшын тіліндегі жаңа сөздер мен фразаларды ұмытып қалмайсыз ба?
- Әрине, ұмытамын. Тек time деген бір сөзді ғана ұмытпаймын. Өйткені физикада уақыт «t» әрпімен белгіленеді.
- Do you speak English?
- Енді, былай...
Фархат ӘБІЛОВ