Атырау, 26 қараша 00:29
 ашықВ Атырау -2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Бизнес: кімге не ұнамайды және су қайда?

Сурет
2 900 просмотра


Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ кәсіпкерлермен болған жаңа кездесуінде оның барлық орынбасарлары, бөлімше басшылары, 7 аудан әкімдері, қызмет жеткізуші-монополистер сұрақтарға жауап берді.

Облыста қазір 127 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған 57 мыңға жуық бизнес субъектілері бар. Олар 1 трлн 734 млрд теңгеге өнім өндірді. Екі мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда: «Бизнестің жол картасы-2020» және «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы». Сондай-ақ, аймақтық екі бағдарлама бар: ауылдық кәсіпкерлерді ауылшаруашылық қоры арқылы шағын несиелеу және екінші деңгейлі банктер арқылы әйел кәсіпкерлерді шағын несиелеу.


Кәсіпкер Айгүл МАЕМИРОВА бірден үш мәселені көтерді:

- Неліктен біз «ҚазТрансГаз Аймаққа» алдын-ала төлем жасауға тиіспіз? Жақында ғана «Атырау Жарықпен» осындай мәселе шешілді, енді біз есептегіш бойынша ақы төлеп отырмыз. Екінші мәселе - біз газ жүйелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс «РКЦУ»-мен келісімшарт жасаймыз. Бірақ олардың қызметкерлері біздің күзетшілерімізден қол қоюды сұрап, ештеңе тексермей кетіп қалады. Соңғы кездері газдың мүңкіген иісін сезіп жүрміз. Бірнеше рет «РКЦУ»-ға жүгіндік, бірақ одан пайда болмады. Үшіншісі – кәсіпкерлік басқармасы әкімдіктің бірінші қабатына ауыстырылсын, әйтпесе, оларға жету оңай емес.

- Көп ұзамай Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылады, сол жерге сіздердің басқармаларыңызды көшіреміз. «ҚазТрансГаз Аймақ» мәселесі бойынша, осында өкілдері бар ма? – деп сұрады әкім.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалының директоры Мақсот ӘБУОВ:

- Газ үшін алдын-ала төлем бойынша - бұл мәселе бүкіл республика бойынша көптен бері қозғалып келеді. Әзірге шешім қабылданған жоқ, бірақ біздің орталық аппарат осы мәселені қарастырып жатыр.

- Ал РКЦУ-ға қатысты не дейсіз? Біз тоқсан сайын 30-40 мың төлейміз, бірақ ештеңе тексерілмейді. Мен сізге екі рет бардым, бірақ сіз орныңызда болмадыңыз, - деді Маемирова наразылықпен.

- Біздің қалада «РКЦУ» ЖШС ғана емес, басқа да мекемелер жұмыс істейді. Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» газ жүйелерін тексермейді. Егер Сізге қызмет көрсететін мекеме ұнамаса,  басқа мекемемен келісімшарт жасай аласыз, - деді Әбуов.

Әкім «Атамекен» ҰКП орталық кеңсесі Энергетика министрлігімен газ үшін алдын-ала төлем жасауды жою мәселесін шешіп жатқанын айтып, үміт ұялатты. Газ жүйелерін тексеруге келсек, Ноғаев кәсіпкерлерге өздеріне осындай ұйым құрып, оған, мәселен, сол РКЦУ мамандарын тартуды ұсынды.

Шаруа қожалығының басшысы Мұрат САРМАНОВ:

- Соңғы деректерге сүйенсек, өңірде ірі 21 жерасты су көздері бар. Бізге су қажет. Біз қазір КСРО дәуірінен қалған құдықтарды пайдаланып отырмыз, бірақ бұл жерасты сулары ғана. Ауыл шаруашылығына артезиан суын алу үшін ұңғымалар орнатуды ұсынамын. Мысалы, көрші Ақтөбе облысында осылай жасалады. Мұны жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік бағдарламаларға енгізу қажет. Екіншіден, оқу орындарында ауыл шаруашылығы мамандарын дайындауды көбейту керек.

- Өткен жылы 220 маман даярлауға 360 млн теңге бөлінді, биыл 300-ге жуық адам дайындап жатырмыз: 170 оқытушы, 35 дәрігер, 8 ауыл шаруашылық мамандары, соның ішінде, ветеринарлар бар, - деп жауап берді Ноғаев. - Қазір бізде кадрлар жеткіліксіз екеніне келісемін. Тек жергілікті колледждерге ғана емес, басқа қалалардағы жоғарғы оқу орындарына да жіберу керек.

Құдықтар мәселесі бойынша облыс әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ былай деп хабарлады:

- Қазір облыстағы жерасты сулары туралы ақпаратты жинап жатырмыз. Алдағы уақытта тендер жариялаймыз. Бұдан басқа, құдықтар мен жабдықтарға, сорғыларға және тағы басқалар үшін субсидиялар қарастырылған. Кадрларды даярлауға қатысты - біздің колледждерде гранттар бар, біз оған қажет мамандарды қоса аламыз, бірақ сіздер білім беру басқармасына жүгінулеріңіз керек. Бұдан басқа, қысқа мерзімді (3 айға дейін) және ұзақ мерзімді (2 жылға дейін) оқыту курстары бар.

Кездесу барысында көптеген басқа мәселелер да айтылды, олардың бәрін бір мақалаға сыйғызу қиын. Ең бастысы – оларға жауап беруге, жолай дереу шешуге тырысты. Оның үстіне, жақын арада 2800 шаршы метр алаңды құрайтын Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылады. Операциялық залда оларды 30 мемлекеттік органдардың, сондай-ақ, банктердің, түрлі даму қорларының және коммуналдық қызметтердің өкілдері қабылдайтын болады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

30 маусым 2018, 17:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.