Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамптың иммиграциялық саясатына қарсы наразылық шеруі өтіп жатыр. Шеру барысында бүгін 600 адам қамауға алынды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Reuters басылымына сілтеме жасап.
Шерушілер Сенат ғимаратының алдына жиналып, мигранттар отбасыларын көбірек митингілерге шығуға үгіттеді. Сондай-ақ, АҚШ Сенаты ғимаратының жанында Дональд Трамптың «нөлдік толеранттылық» саясатына қарсы жаппай шеру ұйымдастырғаны үшін 600 адам қамауға алынды.
Айта кету керек, жаппай шеру мемлекет бойынша бірнеше жерде өтіп жатыр. Ал алдағы сенбі-жексенбі күндері «Әйелдер маршы», «Халықтық демократиялық үшін күрес» атауларымен тағы да үлкен шерулер ұйымдастырылмақ деген болжам бар. Сондай-ақ, Энтони Кеннедидің АҚШ Жоғарғы сотынан кететіні туралы мәлімдемесі де бұл митингілерді жандандыра түсті. Себебі бұл орынға Трамп ультраконсервативті таңдау жасайды деген болжам жасалуда.
Ең үлкен шеруде Сенат ғимаратының алдындағы 90 метрлік алаң адамға лық толды. Оның ішінде көпшілігі әйелдер болғанын да айта кету керек.
Өткен аптада шекараны заңсыз кесіп өткен отбасы мүшелерін уақытша бір-бірінен ажырату туралы үкімнің күші жойылса да, мәселе әлі шешілмеді. Ал шерушілер күн сайын иммигранттардың балалары ата-аналарынан бөлініп жатқанына алаңдаулы.
Полиция 575 адамды ресми ғимарат маңында заңсыз шеру ұйымдастырғаны үшін қамауға алғанын растады. Олардың айтуынша, қамауға алынғандар іс қарастырылып болған соң босатылған.
Қазіргі таңда Техас штатындағы Браунсвилдегі федералды сот ғимаратының алдында да митингтер басталды. Сондай-ақ Мичиган, Орегон штаттарында да шерулер өткізіліп жатыр.
Дереккөз: Baq.kz