Сирия әскері оппозициялық күштер бекінген Дераа аймағына шабуылды үдетті. Мақсат – өңірдің орталығы мен Иорданиямен шекаралас аудандарды бақылауға алу. Себебі, бұл аймақта экономикалық тұрғыдан маңызды сауда жолдары орналасқан.
Бірақ әскери қимылдардан бейбіт тұрғындар көп зардап шегіп жатыр. БҰҰ гуманитарлық мәселелер жөніндегі басқарманың мәлімдеуінше, 45 мыңнан астам адам босқынға айналған. Көрші Иордания болса бұл адамдарға шекараны ашпайтынын ескертті. Себебі, бұған дейін 1 миллионнан астам сириялық босқынды қабылдаған ел қазір экономикалық дағдарыс басынан кешіруде.
Айта кетейік, Дераа аймағы 2015 жылдан бері оппозициялық күштер бақылауында. Ал өткен жылы Ресей, АҚШ және Иордания Сирияның оңтүстік-батысындағы Дераа, эль-Кунейра және Эс-Сувейда провинциясында деэскалация аймақтарын құру туралы келіскен болатын.
Дереккөз: 24.kz