Атырау, 26 қараша 00:42
 ашықВ Атырау -2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

ҰБТ, ағылшын тілі, цифрландыру туралы

2 458 просмотра


Ұлттық бірыңғай тестілеуден ата-аналар үшін «тікелей көрсетілім», үш тілде оқыту және үздік оқушыларда болатын психологиялық кедергілер туралы брифингте облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВ айтып берді.

Ұлттың бірыңғай тест облыс бойынша 21-27 маусым аралығында 4 кезеңмен өтіп жатыр. Бұған 3935 оқушы қатысады. Олардың ішінде 154-і алтын белгі, 95-і ерекше үлгідегі аттестат иегерлері.

Барлық тестілеу пункттері онлайн көрсетілімге қосылған, ата-аналары testcenter.kz сайтына кіріп, өту барысын бақылай алады.

- Онлайн көрсетілімге өткен жылы тек қана Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы тестілеу пункттерін қосылған еді, биыл барлық аудандарды қамтыдық. Сондай-ақ, интернетті тұншықтыратын күшейтілген құрылғылар орнатылды. Талапкер телефонын өзімен бірге алып кіргеннің өзінде де, интернетті мүлде пайдалана алмайды. Сондықтан биылғы тестілеуді әділ өтіп жатыр деуге толық негіз бар,- деді Кенжеғалиев.

Министрдің бұйрығына сәйкес, Атырау облысының 12 мектебінде пилоттық режимде 8 және 9-сыныптарда «химия», «биология», «физика», «информатика» пәндерін ағылшын тілі элементтерін енгізіп оқыту қолға алынды. Осыған орай 496 мұғалім ағылшын тілінің курсынан өткен.

 «АЖ» сауалдары:

- Биыл грант бөлу кезінде алтын белгі, ерекше аттестат иегерлеріне көңіл бөліне ме? Республикалық олимпиададан орын алғандарға ше?

- Жоқ. Артықшылық тек грант бөлу кезінде екі талапкердің балы бірдей көрсеткіште болса ғана беріледі.

- ҰБТ кезінде мектепті жақсы бағамен аяқтаған оқушылар төмен балл алып, керісінше төмен бағамен бітіргендер жоғары балл жинап жатады. Осы жөнінде сіздің пікіріңіз?

- Мен де мектепте қызмет істеп жүргенде осындай жағдайларға тап болдым. Маман ретінде айтар болсам, үздік оқушыларда ҰБТ тапсыру кезінде толқу басым болып, «тиісті баллымды жинай алмай қалсам не болады» деп күйзеліске түсіп, шатасуы мүмкін. Ал, «нашар» бағаға мектеп бітіргендерде мұндай жауапкершілік болмағандықтан, оларда жеңіл өтеді. Бұндай жағдайда талапкерге, әрине, ата-анасы мен мұғалімнің қолдауы керек.

- Мектепте цифрландыруды енгізу мұғалімдердің қағазбастылықтарын көбейтті деген шағымдар бар...

- Бұл компьютерді меңгермей, қағазбен жүре бергісі келетіндердің проблемасы. Мұғалімдерде «Күнделік» электрондық журналы бар. Соны дұрыс меңгеріп, қолданысты кеңейту керек. Айтпақшы, «Қазақтелеком» АҚ әр мектептің интернет жылдамдығын көтеруге қатысты есебін шығарып берді. Биыл бұл мақсатта бюджеттен 21 миллион теңге қаражат бөлінді. Қыркүйекте барлық мектептерде интернет жылдамдығы 8 мегабайтқа дейіне артатын болады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА.

Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

27 маусым 2018, 16:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.