Италияның жаңа тағайындалған ішкі істер министрі Маттео Сальвини Триполиге алғашқы сапарын жасады. Келіссөздер барысында ол Ливия үкіметі мүшелерімен миграциялық дағдарысты шешу жолдарын пысықтаған.
Маттео Сальвини Ливияның оңтүстік шекарасында мигранттарды қабылдау орталықтарын ашуды ұсынды. Босқын мәртебесін беру сол жерде қарастыру көзделіп отыр. Осындай орталықтардың құрылуы теңіздегі ажалдан талай жанды сақтап қалады. Ал Италия немесе Испанияда лагерь ашу мәселені шешпейді, себебі мигранттар қайыққа мініп, соған жетуге тырысады.
Маттео Сальвини Ливия билігіне теңізде атқарып жүрген құтқару жұмыстарына алғысын білдіріп, осы елдің жағалау күзетіне техникалық және экономикалық көмек көрсетуге уәде берді. Маттео Сальвини, Италия ішкі істер министрі: – Италия үкіметі қабылданған шараларды қолдайды.
Ливия аумағына тиесілі теңіз бөлігін тек Ливия өкіметі бақылауы тиіс. Заңды, билікті мойындамай, мигранттарды көшіруге көмектесіп жүрген ұйымдардың жолын кесу керек.
Дереккөз: 24.kz