Атырау, 26 қараша 02:24
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

№37 ұңғымадағы 400 күн тамұқ

Сурет
4 128 просмотра


Осыдан тура 33 жыл бұрын, 1985 жылғы 25 маусымда, Гурьев (Атырау) облысындағы Теңіз кен орнында техногендік апат орын алды. №37 бұрғылау ұңғымасында 4367 метр тереңдіктен атмосфераға мұнай мен газ атқылады. Бірнеше сағаттан кейін бұрқақ жана бастады. Бұл биіктігі 300 метр, ені 50 метр болатын алып өрт болатын. Эпицентрдегі температура Цельсий бойынша бір жарым мың градусқа жетті.


Куәгерлер сұмдық көріністі былай деп суреттейді: «Ұңғымадан бір шақырымдай қашықтықта қорқынышты гүріл жайлаған. Өрт бәрін жалмады, техника пластмасса секілді еруде. Өртке тірілей күйген жыл құстары көктен құлап жатыр».

Апат орнына жақын жердегі Ембі (қазіргі Жылыой) ауданы Сарықамыс ауылының тұрғындарын дереу қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары басталды. Айтпақшы, 2000-шы жылдардың басында бұл елді мекен жойылып, тұрғындар Атырау мен Жаңа Қаратонға көшірілген болатын.

- Бізді түн ортасында оятып, өзімізбен бірге тек құжаттарымызды алу керектігін айтты, - деп еске алады сол кездегі Сарықамыс тұрғыны Айнаш ҒИЗАТОВА. – Айнала азан-қазан болды. Поселкелік партия-кеңес «активі» өз жеңіл көліктерімен зытты, ал балаларды, әйелдер және қарттарды сусыз, азық-түліксіз жүк көліктеріне мінгізіп, Опорный ауылына апарды. Ұзақ уақыт шыжыған күн астында жүріп келдік. Опорный осыншама адамды қабылдауға дайын емес еді, бірақ жергілікті тұрғындар сырттан келгендерді барынша паналатты. Біздің өзіміздің кішкентай үш баламыз бар болатын, ал бізді көп балалы отбасы қабылдады. Біз сол жерде бір апта тұрдық. Айханым деген сол әйелдің аты әлі есімде, оған басымды иемін.

Күкіртсутектің көп мөлшері мен қуатты қысымы бар бұл газ-мұнай бұрқағының советтік, тіпті, әлемдік тәжірибеде аналогы жоқ болатын. Оны жоюға КСРО-ның түкпір-түкпірінен үздік мамандар жұмылдырылды. Проблеманы дәстүрлі әдіспен жоймақ болған бірнеше сәтсіз әрекеттен кейін №37 ұңғыманы  жер асты жарылыстарды қолдана отырып, 3500 метр тереңдікте көлбеу ұңғымалар арқылы тұмшалау мүмкін болды. Бұл апаттан 400 күннен кейін, 1986 жылғы 27 шілдеде орын алды.

Апатты жою құрбандықсыз болмады. 1985 жылғы 29 қазанда Украина КСР Геология министрлігінің Полтава бұрқаққа қарсы бөлімінің қызметкері Владимир БОНДАРЕНКО қайтыс болды. Оның құрметіне «Теңіз» вахталық поселкесінде обелиск орнатылған. 

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттер Интернеттен алынды

26 маусым 2018, 10:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.