Атырау, 20 сәуір 02:49
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Вице-министр 1 шілдеден бастап зейнеткерлер үшін не өзгеретінін түсіндірді

2 300 просмотра


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бір жұмадан кейін базалық зейнетақы төлеу жүйесіне енетін өзгерістермен тағы бір мәрте таныстырды.

1 шілдеден бастап Қазақстанда базалық зейнетақы төлеу тәртібі өзгереді. Бұдан былай базалық зейнетақының мөлшері азаматтардың еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына тәуелді болады. Бұл туралы бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Базалық зейнетақы кімдерге толық төленеді?

Биыл шілдеден бастап базалық зейнетақы тағайындау тәртібі өзгереді. Зейнет жасына толған барлық азаматқа мемлекеттік бюджеттен төленіп отырған базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына тәуелді болады. Егер бүгінде барлық зейнеткерге базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 проценті мөлшерінде немесе 15 274 теңге төленсе, онда 1 шілдеден бастап оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты артады. 

"Еңбек өтілі 10 жылдан аз немесе мүлдем жоқ азаматтарға базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 проценті шамасында белгіленеді. Ал 10 жылдан кейін әр жыл үшін базалық зейнетақы 2 пайызға ұлғаяды. Ал еңбек өтілі 33 жыл немесе одан да көп азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғары мөлшері – 100 процент немесе 28 284 теңге төленеді. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі ынтымақты зейнетақыны тағайындаған кезде есепке алынған еңбек өтілі мен 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі есепке алынады", — деді Жақыпова үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, барлық зейнеткердің базалық зейнетақысы автоматты түрде қайта есептелген. Зейнеткерлер электронды үкімет сервисі арқылы анықтама есеппен таныса алады. 

Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыса алмайтын азаматтарға еңбек өтілі есептеле ме?

Вице-министрдің айтуынша, объективті себептермен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыса алмайтын азаматтарға еңбек өтілі есептеледі. Ондай азаматтардың қатарына кімдер жатады?  

Бірінші, 3 жасқа дейін бала күтіміне байланысты үйде отырғандар. Екіншіден, 16 жасқа дейінгі мүгедек баласын, немесе бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, 80 жастан асқан қарияларды бағып отырғандар. Үшіншіден, әскери қызмет кезінде жұбайымен бірге болатындар. Сонымен қатар, дипломатиялық қызметтің қызметкері шетелде тұрса, әйелі де бірге шетелге көшуге мәжбүр болса, онда бұл жылдар әйел үшін зейнетақы жүйесіне қатысу жылдары деп есептеледі. Өйткені шетелде оған жұмысқа орналасып, зейнетақы жарнасын аударуға мүмкіндік жоқ. 

Базалық зейнетақыға мемлекет қазынасынан қанша бөлінеді?

"Бүгінде базалық зейнетақының орташа мөлшері – 15 274 теңге, оның мөлшері көтерілгеннен кейін орташа мөлшер 24 456 теңгені құрайды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 128 миллиард теңге қарастырылған. Жалпы биыл базалық зейнетақыға 530 миллиард теңге көзделіп отыр", — деді Жақыпова.

Дереккөз: sputniknews.kz

25 маусым 2018, 12:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.