Атырау облысы Құрманғазы ауданынан майданға аттанып, 1942 жылы Ресейдің Новгород облысы Парфинский ауданындағы шайқаста қаза тапқан Құспанғали БОРАНБАЕВТЫҢ сүйегі 77 жылдан соң туған жеріне әкелінді. 20 маусымда Мәңгілік алау басындағы қаралы митингке ҰОС және тыл ардагерлері келді, облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ бұл күнді «Құспанғали Боранбаевтың жеке жеңіс күні» деп атады.
Қаза болған боздақ 1922 жылы дүниеге келген. 1941 жылдың маусымында майданға шақыртылып, 28-і атқыштар дивизиясының құрамында шайқасқан. Оның сүйегін Ақтөбе қаласындағы «Әлия Молдағұлова атындағы» және Ярослав облысы Рыбинск қаласының «За Отвагу» іздеу топтары бірлесіп тапқан. Жауынгер сүйегін анықтауға солдат медальоны мен аты жазылған қасығы көмектескен.
Облыстық білім беру басқармасының орынбасары Зылиха ДҮЙСЕКЕНОВА батырдың өздеріне туысқан болып келетіні туралы айтты:
- Елге сүйегі жеткізіліп отырған Құспанғали әкемнің әкесі Дүйсекеннің туған інісі. Әрине, жүрегімізде қуанышпен қатар қобалжу да бар.
Митингтен соң жауынгер сүйегі жерлеуге туған жеріне жөнетілді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Суреттерді түсірген автор
Видеоны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ