АҚШ-та елдің оңтүстік шекарасынан өтіп жатқан заңсыз мигранттарға қатысты сәуір айынан бері қолданыла бастаған «Нөлдік төзімділік» саясатына халық арасында наразылық күшейе бастады.
Себебі оған сәйкес АҚШ аумағына өткен заңсыз мигранттар сотталып, олардың балалары отбасыларынан бөлініп, арнайы орталықтарға орналастыруда. Осы үрдіске қатысты бірнеше қалада наразылық шаралары өтті. Сальвадорда пошташы болып қызмет еткен Ипигменно Центэно Мексика шекарасын кесіп, АҚШ-қа өтуді жоспарлаған еді. Алайда оның райынан қайтуына тура келді. Өйткені президент Дональд Трамптың жаңа миграциялық саясатына байланысты шекарадан заңсыз өтсе, екі ұлынан айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан АҚШ-қа заңды түрде кіру үшін Мексикада 1 ай жүріп босқын мәртебесін алған.
Ипигменно Центэно, мигрант:
– Әдетте АҚШ-қа адамдар өздерінің өмірін жақсартып, балаларының болашағы үшін қоныс аударады. Бірақ қазір бұл қиындап кетті. Өйткені шекараны заңсыз кесіп ұсталса, ұл-қызынан айырылады.
«Нөлдік төзімділік» деп аталатын жаңа саясатқа байланысты АҚШ-қа заңсыз өткен барлық мигрант қылмыстық жауапқа тартылады. Шекарада ұсталған босқындар ісі сотта қаралып, федералды түрмелерге отырғызылады. Олардың балалары Эмигранттарды орналастыру жөніндегі басқарманың орталықтарына беріліп, ата-аналарымен қайта қауышқанша сонда қалады. Ал ресми дерекке сүйенсек, биыл мамыр айынан бері 2372 бала отбасынан бөлінген.
Катрин Хамптон, құқық қорғаушы:
– Балаларды ата-аналарынан бөлу, олардың сана-сезіміне кері әсерін тигізеді. Осының кесірінен мінез-құлқы өзгеріп, әлеуметтік жағдайына нұқсан келеді.
Ал Ақ үй басшысының саясаты демократтармен бірге республикалық партия өкілдерінің де наразылығын тудырып отыр. Бірақ Трамп қазіргі миграциялық дағдарысты шешуге болады дейді. Ол үшін Конгресс отбасының барлық мүшесін бөліп жармай, тұтастай кері қайтаруды қарастыратын заңды қабылдауы керек. Бірақ бұл бастама демократтардың қарсылығына тап болуда. Салдарынан АҚШ-қа өткісі келетін мигранттар жапа шегуде.
Дереккөз: 24.kz