АҚШ авиациясы немесе халықаралық лаңкестікке қарсы коалициясы Сирияның Бу-Кемаль қаласының (Дейр-эз-Зор провинциясы) маңында соққылар жасаған жоқ. Бұл туралы ТАСС агенттігіне АҚШ қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.
«Біз (АҚШ немесе коалиция) Бу-Кемальда авиасоққылар жасаған жоқпыз»,- деп жауап берді министрлік баспасөз қызметінің өкілі, Теңіз әскері корпусының майоры Адриан Рэнкин-Гэллоуэй Sana агенттігінің ақпаратына қатысты пікір білдіре отырып.
Айта кетейік, Sana агенттігінің жазуынша, АҚШ басшылық еткен коалиция Бу-Кемаль қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай орналасқан Сирия армиясы позицияларының біріне әуеден соққы жасады.
Салдарынан зардап шеккендер мен қаза болғандар бар. 2018 жылдың басынан бері Дейр-эз-Зор, Хасеке және Ракка провинцияларында Сирияның ондаған азаматы АҚШ авиациясы мен олардың одақтастары жасаған соққылар салдарынан қаза тауып, жараланды.
Сирия үкіметі бейбіт халықтың өліміне әкеліп жатқан және шаруашылық нысандарына залал келтіріп отырған коалицияның авиасоққыларын сынға алу талабымен БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне бірнеше мәрте өтініш білдірген болатын.
Дереккөз: inform.kz