АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейді "Үлкен жетілік" (G7) елдерінің тобына қосуды тағы да ұсынды. Трамптың сөзінше, түрлі келіспеушіліктерге қарамастан, Ресей президенті Владимир Путинмен тікелей байланысты үзбеу керек.
Fox News телеарнасына берген сұхбатында Трамп G7 саммитінде келіссөз уақытының төрттен бірі Ресей тақырыбына арналғанын айтты. Президент Кремльдің іс-қимылын сыртынан талқылағаннан гөрі Владимир Путиннің өзін келіссөзге шақырып, оған Сириядағы Ресей әскерінің іс-қимылы, Донбасстағы соғыс және Қырымды аннексиялау туралы сұрақтарды тіке қойған дұрыс деп біледі.
Дональд Трамп өзінің Ресейді G7 келіссөзіне шақыруы Мәскеуді қолдау деген сөз емесін айтады. Ақ үй басшысының сөзінше, ол бұл мәселеде АҚШ мүддесіне сай ғана қимылдайды. Осыған қарамастан, Трамптың мәлімдемесіне АҚШ Конгрессіндегі демократтар қарсы шығады.
АҚШ президенті Ресейді топқа қайта қосу туралы мәселені алғаш G7-нің өткен аптада Канадада өткен саммиті қарсаңында көтерген.
G7 тобының келіссөзіне АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия және Жапония басшылары қатысады. Ресей бұл топтан 2014 жылы Қырымды аннексиялаған соң шығарылған.
Дереккөз: azattyq.org