Мұнайлы астананың әкімдігі бес жерүсті жаяу жүргінші өткелін салу үшін 664 млн теңге бөлді. Өткелдерге қатысты хикая көп уақыттан бері жалғасып келеді. Жобаны қаржыландыру ертерек басталғанымен, кезекті басшы қаражаттарды жымқырып, бұл жұмыстар кешеуілдеген болатын.
Атырауда облыстың бұрынғы қашқын әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ тұсында әзірге осындай бір құрылыс (Сәтпаев даңғылы және Студенттер даңғылы мен Пушкин көшелерінің қиылысында) сол кездегі бағам бойынша 1 миллион долларға бой көтерді. Енді эстакадаларды тағы 5 жерде: Баймұханов көшесінің бойында, Махамбет көшесінің бойында («Светлана» маңында), Азаттық даңғылы бойында (Мемлекеттік кірістер департаменті маңында) және Сәтпаев даңғылы бойында екеуін (Тайманов көшесімен қиылыста және Музыка академиясының жанында) көлік жолының үстінен салу жоспарланып отыр.
Жобалау-сметалық құжаттама бірнеше жыл бұрын әзірленді, ал Музыка академиясының маңайындағы эстакадаға қалалық бюджет, тіпті, 2016 жылы 117 миллион теңге бөлді. Бірақ сол кездегі қалалық құрылыс басқармасының бастығы Серік ЖҰМАШБАЕВ жемқорлықпен бюджет қаржысын иемденгені үшін сотталды. Сол кезде қаржы полициясы ол қол қойған барлық құжаттарды, соның ішінде, эстакадалар бойынша құжаттарды да бұғаттады.
Содан бері жобалау-сметалық құжаттамалар ескіріп, енді жаңасы әзірленді. Мемлекеттік сараптама қорытындысында жаяу жүргіншілер көпірлерінің құрылысы 2018 жылдың соңына дейін басталуы және 6 айдан кейін аяқталуы тиіс екендігі көрсетілген.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ