Туберкулез менингитінен сарбаздың қайтыс болуына байланысты «АЖ» тілшісі №2016 әскери бөлімінің командирі, подполковник Мұхтар ҚАНАБЕКОВКЕ бірнеше сауалдар қойған еді, ол жағдайға былай түсінік берді:
- Қайтыс болған сарбаз – қатардағы жауынгер Әлішер Ермұратов, 1999 жылы туған. Әскерге шақыртылғаннан кейін ол алдымен Алматы облысындағы №2484 әскери бөлімінде (ант қабылдағанға дейінгі бір айлық жас жауынгер курсы) оқыды. Ол бізге 2017 жылдың аяғында келді және осы уақытта әр түрлі госпитальдар мен ауруханаларда емделіп жүрді.
Біздің ақпаратымыз бойынша, бұрын оған сірлі менингит болуы мүмкін деген диагноз қойылған, содан кейін туберкулез менингитін анықтады. Көктемде ол бір айға Павлодар облысындағы үйіне демалысқа барып келді. Қайтып келгенде тағы да қатты ауырып жүргеніне шағымданды. Мамыр айының басында облыстық ауруханаға жатқызылды, содан кейін туберкулезге қарсы күрес диспансеріне ауыстырылды. Ол 8 маусым күні таңертеңгі сағат 7.45-те қайтыс болды. Анасы көп уақыттан бері Атырауда еді (әкесі қайтыс болған). Бүгін, 9 маусымда, туыстары біздің әскери қызметшілермен бірге ұлдарын туған жеріне алып кетті.
Командирдің хабарлауынша, қазір олардың әскери бөлімінде карантин жоқ, өйткені мамыр айында барлық әскери қызметшілер Әлішердің сырқатынан кейін дереу медициналық тексеруден өткен, жағдай тұрақты бақылауға алынған.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА