Атырау, 24 қараша 14:31
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қорғансыз жандарға қамқоршылар жауапты

3 018 просмотра

Редакцияға Махамбет ауданының Сарайшық селосында орналасқан жүйке-неврологиялық науқастарға арналған интернат пациенттерінің туыстары хабарласып, науқастардың заң бойынша тиесілі зейнетақыларын ала алмай отырғандығына шағымданды.

- Бұрын бұған қатысты проблема болмайтын. Бір кездері пошташы аяқтай барып, олар зейнетақыларын интернатта алатын еді. Содан кейін оларды топтастырып, Қазпошта бөлімшесіне апарып, сол жерден олар ақшаларын алып жүрді. Ал, соңғы кездері олар қолдарына ақша бермейтін болды деп шағымдануда, - деп әңгімелейді интернатта бауыры емделіп жүрген «АЖ» оқырманы. – Олардың зейнетақыларының бәрін әлдебір депозиттерге аударады екен. Мұның не депозит екенін, қандай негізде ашылғанын еш анықтай алмай отырмыз.

Интернат директоры Сайлаубек СҰЛТАНОВ телефон арқылы өз тұрғындарының бас қамқоршысы боп табылатынын және заңға сәйкес, олардың зейнетақысының 30 пайызын олардың өздерінің жеке қажеттіліктеріне (мәселен, тәттілерге, шылымдарға, журналдарға) жұмсайтынын, ал қалған сома олардың жеке шоттарында жинақталатынын хабарлады. Оның айтуынша, ең қажетті – тамақпен, киіммен, төсек-жаймалармен тұрғындарды мемлекеттің өзі қамтамасыз етіп отырады. Толық ақпарат алу үшін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасына хабарласуға кеңес берді. Біздің жазбаша сауалымызға басқарма бастығының орынбасары Серік САПАНОВ былай деп жауап берді:

«Сарайшықтағы интернат 18-ден жоғары жастағы жүйке-неврологиялық науқастарға арналған. «Неке және отбасы туралы» ҚР заңының 108-бабына сәйкес, интернат үйлерінде тұрып жатқан адамдардың қамқоршысы оның әкімшілігі болып табылады. Басшылық әлеуметтік қызмет көрсетуді ұйымдастырумен қатар, интернатта болған уақытта өз қамқорлығына алынғандар үшін барлық жағдайда (олар қатар табиғи жолмен қайтыс болған жағдайдан басқа)  жеке жауапкершілікте болады. 

Зейнетақыға келер болсақ, оларды төлеу зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

Ереженің 8-тармағында интернат мекемелерінің қамқорлығындағы жандар үшін зейнетақылар мен жәрдемақылар зейнетақы төлеу мекемелерінде ашылған олардың жеке шоттарына аударылуы тиіс екендігі айтылған. Сарайшық интернат үйінің қамқорлығындағылар зейнетақыларын өздерінің жеке шоттарынан ала алады.

Қабiлеттi мүгедектер есеп шоттарына  түсетiн зейнетақыларды немесе жәрдемақыларды өз қалауларынша тұтынуға құқылы. Бiрақ бұл жағдайда қабiлетi жоқ мүгедектер  туралы әңгіме болып отыр. Бұл тұрғыда ерекшеліктер бар.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік медициналық әлеуметтік мекемелерде тұратын мүгедектерге арналған зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды пайдалану ережелерін бекітті. Қамқоршы қамқорлығындағы қабілетсіз жандардың зейнетақы төлемдері мен жәрдемақыларын қамқорлық пен қамқоршылық органдарының алдын ала рұқсаты бойынша мүгедектің шотына түскен соманың 30 пайызынан аспайтын белгіленген мөлшерде жұмсай алады. Бұл ақшалар мүгедектерге интернат үйі көрсете алмайтын көмектерді көрсетуге ғана жұмсалады.

Мүгедек қайтыс болған жағдайда оның есеп айырысу шотында қалған жинақтар қолданыстағы заң нормаларына сәйкес мұрагерлеріне өтеді».

Тамара СУХОМЛИНОВА

20 маусым 2012, 19:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.