Атырау, 24 қараша 15:26
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Аудан жаңалықтары

2 560 просмотра

ДОССОРДЫ ҚОҚЫС ЖАЙЛАДЫ

Жергілікті халықтың айтуынша, соңғы жылдары поселкеде қоқыс толған жәшіктер аузы-мұрны толғанша тұрады екен.

- Қапырық ыстықта қоқыстардың көшеде жайрап жатуы ренішімізді туғызуда. Біз бірнеше рет поселке әкімдігіне ауызша шағым да түсірдік.

Жуырда тазалау жұмыстары орталық көшеде жүргізіліп, шет жақтағы көше маңы ұмыт қалды. Тазалықпен кімнің айналысатыны да белгісіз.

Тағы бір айтарымыз, Қарабатандағы таяуда жүргізілген тазарту жұмыстарынан соң Доссорды маса жайлап кеткен. Күндіз де қаптап тұрған масаларды улау шараларын ешкім ескеріп отырған жоқ, - дейді тұрғындар бізбен кездескенде.

- Бұрын тазалықпен айналысуды бір жеке кәсіпкер өз мойнына алғанымен, ол өз жұмысын дұрыс атқара алмады. Амал жоқ, келісім - шартты бұзуымызға тура келді. Бірақ соған қарамастан, тазалықты өз күшімізбен атқарудамыз, - дейді Доссор поселкесінің әкімі Есенжан Төлешқалиев.

 

ЖАЛАУ ҚАЙДА?

Жылыой ауданы прокуратурасы мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге салғырт қарағандарды анықтап, шара қолдану үшін сотқа бере бастады.

Мәселен, аудандық инспекция, орталық аурухана, мұражай ғимараттарында мемлекеттік рәміздер орнатылмаған. Ал аудандық Әділет басқармасы ғимаратында мемлекеттік Ту тігілмеген болып шықты. Прокуратура мұның шарасын алу үшін істі сотқа жолдады.    

 

КАНИКУЛДА - КӨКШЕТАУҒА!

Жылыойлық оқушылар жазғы демалыстың алғашқы күндерінде Көкшетау қаласындағы «Балдәурен» емдеу-сауықтыру лагеріне барып демалып қайтты.

Балалар Астана қаласын да екі күн бойы тамашалады. Бұл демалысқа жағдайы төмен, аз қамтылған отбасылардың15 оқушысы жіберілген болатын.

 

ЖӘРМЕҢКЕ ЖАРЫЛҚАП ТҰР

Құлсары қаласында ауыл шаруашылығы өнімдері мен мал сату жәрмеңкесі сенбі сайын ұйымдастырылуда.

Тұрақты түрде өтетін жәрмеңкеге жергілікті адамдар да үйреніп болған. Жылыой аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен алынған мәлімет бойынша, өнім бағасы базар бәсінен 25-30 пайызға төмен. Бүгінде, мал сатумен бірге, ет, сүт, қаймақ, шұбат, қымыз сөреден орын алуда.

- Орынақы алынбайтын болғандықтан, сатушылар да емін-еркін өз өнімдерін ұсына алатын дәрежеге жетті. Соңғы 3 жылдан бері жәрмеңкеде кідіріс болған емес, бұл жұмыс қысы-жазы қолға алынуда,-дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Нұртас ҚУАТБАЕВ.

 

ЖАҢАТАҢДЫҚТАР ШӨП ШАБУҒА КІРІСТІ

Биылғы жаздың қуаңшылығы шаруаларды тығырыққа тіреп тұрған жайы бар. Шабындық жермен қоса, жайылымдық жердің шөптері күннің ыссылығына шыдамай қурап кетуде.

Жылыой ауданындағы «Жаңатаң» ЖШС осындай қысылтаяң уақытта «Айранкөл» жерінен қоға дайындауды қолға алыпты. Қажетті шөптің бір бөлігін осы жерден дайындап алуды мақсат тұтқандар уақытты текке жібермеуге тырысуда.

20 маусым 2012, 18:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.