Францияның төменгі палата депутаттары бастауыш және орта сыныптардың оқушыларына мектепте ұялы телефондарды пайдалануға тыйым салды, деп хабарлайды ВВС.
Бұл заңға оқу министрігі бастамашы болды. Олардың пікірінше, аталған заңнамадан соң балалар сабаққа көбірек көңіл бөлетін болады, сондай-ақ бұл құжат оқушылардың интернеттен адамды азғындыққа ұшырататын көріністерді қарауға қарсы күреске көмектеседі.
Франция президенті Эммануэль Макрон өткен жылы өзінің сайлауалды науқанында осыған тыйым салуға уәде берген болатын.
Енді бұл заң жобасын сенат бекітуі тиіс. Заң жобасы бойынша, 15 жасқа дейінгі балалар мектепке немесе оның аумағына смартфонсыз кіруі тиіс. Оқу министрі Жан-Мишель Бланке құжатты «XXI ғасырдың заңы, цифрлық революция дәуірінің заңы»,- деп атады.
Егер заң жобасын сенаторлар мақұлдайтын болса, ол қыркүйекте, оқу жылы басталған сәттен бастап күшіне енеді.
Дереккөз: inform.kz