Амман әлі толқып тұр. Иордания астанасында кәсіподақтар ұйымы жанында жүздеген адам наразылық акциясын ұйымдастырды. Ереуілшілер арасында медицина қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер мен кәсіподақ ұйымдары бар. Олар табыс салығына байланысты жаңа реформаларға қарсы өз ойларын айтты.
Еске сала кетейік, бұл осы мәселеге қатысты бірінші ереуіл емес. Иорданияда толқулар өткен аптада басталған еді. Нәтижесінде елдің премьер-министрі Хани Аль Мульки отставкаға кетті. Себебі Аль Мульки үкіметі жаңа салық реформа жобасын дайындап, ал ол өз кезегінде бағаның өсуіне себеп болды.
Әлгі саясатқа наразы болғандар бірнеше қалада шеру ұйымдастырды.Бірақ Аль Мульки оған да құлақ аспай, Халықаралық валюта қорының талабын орындады. Себебі бұл ұйым Иорданияға 2 жыл бұрын реформалар жүргізу шартымен 723 миллион доллар несие бөлген болатын.
Али Абус, дәрігерлер кәсіподағы төрағасы:
-Жаңа үкімет құрылғаннан кейін қандай шешім қабылдайтынын көрерміз. Оған бір мүмкіндік беріледі. Алайда ереуілге шыққан халықтың талаптары орындалмаса әңгіме басқаша болатынын ескертеміз.
Дереккөз: 24.kz