Атырау, 9 қараша 03:17
 бұлттыВ Атырау +1
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Тоқпақтамаса төлемейді

2 318 просмотра

Маусымның 18 күні  еңбекақыларын даулаған «Атыраубалық» АҚ жұмысшылары облыс әкімдігі алдына пикетке шықтыКәсіпорынның жұмысшыларына қарызы 28 миллион теңгені құрап отыр.

ӘР МАУСЫМ САЙЫН ОСЫЛАЙ

- Көктемгі балық аулау маусымынан кейін қолымызға көк тиын алғанымыз жоқ. Зейнетақы қорына ақша аударылмаған, еңбекке жарамсыздық туралы әкелген бетшелер есепке алынбайды, еңбек демалысы жоқ. Бұл өзі үйреншікті жайтқа айналды, - дейді«Атыраубалықта» 30 жылға жуық еңбек еткен Жиде ХАМИТОВА.- Облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ енді үкіметке  өттіңдер, бәрі жақсы болады деген еді бірнеше жыл бұрын. Резеңке етікпен су кешіп жүріп тапқан ақшамызды ала алмасақ, мемлекетке өткендегісі осы ма?

«Атыраубалықтың» ұжымының арасынан жастарды табу қиын. Ондағылардың бәрі кәсіпорынның өзі тәрізді қарттыққа қарай бет алғандар. Бір-екі айдан соң, ары кеткендері үш жылдан соң зейнеткерлігін күткендер.

Зауыт жұмысшылары  биылғы балық аулау маусымының табыссыз болмағанын айтады. Ендеше түскен табыс қайда кеткен?

 

ИСМҰРАТОВ ЕСЕП АЙЫРЫСУДЫ БҰЙЫРДЫ

Облыс әкімдігі алдына жиналған наразы топты облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі  орынбасары Мереке ИСМҰРАТОВ қабылдады. Оған «Атыраубалық» АҚ директоры Василий КУЗЬМИН де қатысты. Келіссөзге қатысқан жұмысшылардың айтуынша Исмұратов Кузьминге «қайдан тапсаңдар одан табыңдар, 19 маусымнан қалдырмай  үш айдың  жалақысын төлеңдер» деп бұйырыпты.

Бұған қоса облыс әкімі орынбасары жұмысшылардың  жазғы маусымдағы жалақылары тамызда төленетін мәлімдеген. Содан соң «Атыраубалық» тағдырының да шешілетінін айтыпты.

Еске сала кетсек, дәл осындай жағдай былтыр күзде де орын алған еді. Ол жолы кәсіпорын жұмысшыларын бес ай бойы жалақысыз қалдырып, 54 миллион теңгеден астам  жалақыны прокуратураның араласуымен төлеген болатын.

 

АЛДЫН-АЛА ТӨЛЕМ ТӨЛЕНІПТІ!

Василий КузьминЗауыттың басшылығы төңірегінде сырт көзден жасырын ауыс-түйіс болғанын да естідік. Белгілі болғандай Василий КУЗЬМИН енді «Атыраубалық» директоры емес, орынбасары, ал директорлығына   Александр ПЯК тағайындалыпты.

- Оған таң қалмай-ақ қойыңыз, бұл өмір ғой. Денсаулығыма байланысты өзім орынбасарлыққа сұрандым, - деді бұл ауыс-түйіске комментарий берген Кузьминнің өзі.

Жалақы мәселесін шешумен жүрген жаңа директорды ақыры көре алмадық. Алайда, бұрынғы директор істі жаңа басшыдан кем білмейді, сондықтан біз Василий Геннадьевичпен әңгімелестік. Оның айтуынша көктемгі балық аулау маусымынан түскен балықтар  сатылып жатыр. Бірақ одан түскен ақшалар коммуналдық қызметтерді төлеуден, содан соң оның сөзін қолма-қол аудармасыз айтсақ, «анау-мынаудан» артылар емес.

- Наурыз, сәуір, мамыр айларына төленуге тиісті жалақы қарызы 28 миллион теңге. Бұл қарыз былтырғы жылғымен салыстырғанда түк емес, уайымдайтын ештеме жоқ, мәселе шешіледі, - деп жұбатты ол. – Балық аулау мерзімі өте қысқа болды, қарыздарды жауып үлгере алмай жатырмыз.

- Василий Геннадьевич, жұмысшылар  жалақысын төлеуге ақша жоқтығы қисынсыздау секілді. Олар тапсырыс берушілердің көптігін, тіпті алдын ала төлем төлегендерін де айтып отыр. Солардың бірі жұмысшыларға жоғары жалақыға уәде беріп, тиісті  ақшасын сіздерге өткізгенін айтқан коммерсант Әлішер. Ауланған балық та жақсы болыпты

- Біз бүкіл әлеммен жұмыс істейміз ғой. Қай бір тапсырыс берушіні есте сақтаймын. Бірақ әңгіме жоқ, олардың барлығы алдын-ала төлем төледі. Қазір тіпті алдағы күзгі маусым төлемін алуды ойластырып отырмыз. Шынымды айтсам, былтыр сататын мүліктеріміз болып еді. Сол проблеманы тездетіп шешуге көмектескен. Мәселен, жүзбелі зауытты  сатып, жалақыдан құтылғанбыз. Бұл мәселе де шешіледі. Міне, жақында зауытты қайта жарақтау басталады. Ең бастысы - біз адамдарды жұмыстан шығарайық деп жатқан жоқпыз ғой. Олар «Жайық-Балыққа» өту кезеңін күтіп отыр.  Басқа мекемеге  өту әр уақытта проблемасыз болмайды, белгілі жайт қой.

 

«ӘКІМНЕН СҰРАҢЫЗ»

Еске сала кетсек, 2010 жылы  ауыл шаруашылығы министрлігі «Атыраубалықтың» үкіметке қайтарылғанын жария еткен болатын. Содан соң Атырау облыстық әкімдігіне КМК құрып, «Атыраубалықтың» мүлкін сатып алу тапсырылған еді. Осылайша «Жайық-Балық» КМК құрылған болатын. Оған 3,5 млрд теңге ақша бөлініп,  қажетті құрал-жабдықтар, жүзу құралдары сатылып алынған еді. Алайда, іле-шала бөлінген ақшаға тексеріс жасаған Есеп комитеті  «2010-2011 жылдары «Жайық-Балық» КМК жарғылық капиталын арттырып, құрал-жабдықтар сатып алуға 3,5 млрд теңге бөлінді. КМК үшін жоғары бағамен сатып алынған жабдықтар пайдаланылмай тұр» деп баға берген еді.

Алайда, «Жайық-Балық» өзінің «Атыраубалықтың» тек мүлкін, яғни жерін, ғимаратын, цехтарын, жарамды заттарын ғана сатып алғанын, ал оның қарыздары мен акциялары өзінде қалғанын мәлім еткен-ді. 

«Атыраубалық» ғимаратында орын тепкен «Жайық-Балық» КМК кеңсесіне бас сұғып, кәсіпорынның директоры Қадырбек ҚАЛИЕВ пен оның орынбасары Әміржан ШАУДАНОВПЕН сөйлестім.

- Айтыңыздаршы, «Жайық-Балық» КМК жұмысы әлі басталған жоқ па?

- Жоқ, біз тек жобалармен айналысып жатырмыз. Балық аулаймыз ба, жоқ па, ол белгісіз, - деді Ә.Шауданов.

- Қалай сонда, сіздерге аз ақша бөлінген жоқ қой.

- Не үшін?

- Менің білуімше құрал-жабдықтар сатып алуға.

- Иә, жабдықтар сатып алып жатырмыз, бірақ жұмыс басталған жоқ.

- Балық аулайтын, ауламайтындарыңызды білмесеңіздер неге  жабдықтар сатып алдыңыздар, тендер өткіздіңіздер?

- Сіз бұл сауалды облыс әкіміне және оның орынбасарларына қойыңыз. Біз тек орындаушылармыз.

 

ЕКІНШІ РЕТ КҮЙЕУГЕ ШЫҒУ

Неліктен «Жайық-Балық» директорының ашып айтпай, ренішпен жауап бергені түсінікті. Мәселенің төркіні мынада, жартылай «Жайық-Балық» қолына көшкен «Атыраубалық» енді тағы бір қолға - «Атырау» ӘКК иелігіне өтуге тиіс. Оған бекірелерді аулауға тиым  салынған мораторийдан соң ауылшаруашылығы министрлігі  «Жайық-Балықты» тиімсіз санап, қаржыландыруды тоқтатқан еді. 

Биылғы ақпандағы жылдық есебінде «Атыраубалықтың» тағдырына айрықша тоқталған облыс әкімі  Бергей Рысқалиев оның «Атырау» ӘКК-не өтуін тиімді  жоба деп бағалаған.

- Қазір біз инвесторлар іздеп жатырмыз. Сондықтан кәсіпкерлерге бұл үлкен мүмкіндік, жіберіп алмаңыздар, - деп мәлімдеген еді сол кезде ол.

Өкінішке орай, «Атыраубалыққа» әзір құда түсе қойған ешкім жоқ.

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

Номер қатталып жатқанда «Атыраубалықтан» хабар алдық: мамыр айының  жалақысы беріле  бастапты.

20 маусым 2012, 18:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.