Халықаралық балалар күніне орай «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы жүйке ауруына шалдыққан балалар тәрбиеленетін облыстық сәбилер үйінде болып, бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтады. 1 маусым күні Компанияның орталық кеңсесінде барлық өндірістік-құрылымдық бөлімше қызметкерлерінің балаларына арналған фестиваль ұйымдастырылды.
Аталған облыстық мамандандырылған сәбилер үйі 1973 жылы құрылған. Қазіргі кезде осы мекемеде 4 жасқа дейінгі 17 сәби тәрбиеленуде. Бес бүлдіршіннен аналары перзентханада бас тартса, қалғандарын ата-аналары әлеуметтік қиындықтарға байланысты уақытша осы орталыққа тапсырған. Ата-аналарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы оңалған кезде, олар балаларын сәбилер үйінен алып кете алады. Ал, әзірше осы тәрбиеленушілер тіркелген «Үміт» тобында олардың ата-аналарымен үнемі кездесіп тұруына жан-жақты мүмкіндік қарастырылған.
Сәбилер үйінің тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтауға арнайы Басқарма төрағасы Ә.Е.Жақсыбеков, Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары, «Нұр Отан» партиясының «Ембімұнайгаз» АҚ бастауыш партия ұйымының жетекшісі А.Ғ.Габдуллин, Әлеуметтік саясат жөніндегі басқарушы директор С.Ж.Нақпаев келді.
Соңғы бес жылда «Ембімұнайгаз» АҚ республикалық және жергілікті бюджетке 696 млрд теңгеге жуық салық төлесе, демеушілік және қайырымдылық шараларына 2,3 млрд теңге, ал, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға 2,8 млрд теңге бөлді.
Өзінің құттықтау сөзінде «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков:
- Балалардың жадырап жүрген көңіл-күйі мен балалық шағы шаттыққа толы болу үшін қолынан келер көмегін аямайтын Сәбилер үйінің ұжымына шын жүректен алғыс айтамыз. Ембілік мұнайшылар әрдайым өндіріс пен әлеуметтік саланы қатар өрбітіп, көмекке мұқтаж жандардың ауыр тағдырына қолдау көрсетуге ат салысады, - деп атап өтті.
Сәбилер үйінің бүлдіршіндері өз кезегінде қонақтарға арнап мерекелік концерттік бағдарламаларын ұсынып, мұнайшылар сыйлаған бағалы сыйлықтарға ие болды.
Мейрам күні Компанияның барлық өндірістік-құрылымдық бөлімшелерінің, яғни, «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТҚжЖК» басқармалары қызметкерлерінің балалары да назардан тыс қалмады. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Луиза ИБРАГИМОВА