24 мамырда Атырау облысы Индербор кентіне жақын маңдағы «Мақат-Индер» темір жол тұйығында қатты жылдамдықпен жүрген тепловоз рельстен шығып кеткен еді. Тепловоз әлі күнге оқиға орнында тұр, астыңғы бөлігіне бетоннан тіреуіштер қойылған.
«Индер теміржолы» ЖШС директорының орынбасары Берік ИШАНҒАЛИЕВ былай деп әңгімелеп берді:
- Оқиға түн ортасында орын алған. Машинистер тепловозды жолдың шетінде тоқтатуға тиіс болатын, алайда, олар тұйыққа дейінгі арақашықтықты дұрыс есептемеген. Бұл маневр тепловоз «Болат жолдан» жалға алынған еді. Енді келісім шартта көрсетілгендей тепловозды өз күшімізбен жөндеп беруіміз керек. Шығын көлемі анықтала қойған жоқ. Машинист пен оның көмекшісінің 38-35 жыл еңбек өтілдері бар тәжірибелі қызметкерлер, олардың қызметінде мұндай қателіктер бұрын орын алған емес. Олардың екеуінің де көп балалы отбасы екендігін ескеріп материалдық жауапкершілікке тартпай, слесарь-жөндеуші қызметіне ауыстыру туралы шешім шығардық.
Қазір индерлік теміржолшылар облыс орталығындағы әріптестерінен тепловозды көтеріп, рельске қою үшін қажетті жүк көтергіш крандарды күтіп отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор