«АЖ» тілшісі Махамбет ауданындағы Ерлан ҚУАНЫШЕВТІҢ «Қорған» шаруа қожалығында болып қайтты. Шаруашылық бүгінгі күні ауа райының қолайсыздығынан аудан орталығынан 12 шақырым қашықтағы «Сакен» учаскесіндегі 400 гектар жердің тек 50 гектарына ғана картоп, көкөніс, бақша өнімдерін егіп үлгерген. Шаруашылық «Нарын» каналы арқылы тамшылатып суару әдісін қолданып отыр.
Егістік алқапта 40-шақты адам жұмыс жасайды, оның жартысы өзбекстандық қарақалпақтар, қалғаны Ерланның туысқандары мен көрші-көлемі, таныстары. Орташа еңбекақы 60 мың теңге оған қосымша тегін тамақтанады.
-Биылғы ауа-райындағы қолайсыздықтар кейбір ойға алған істерімізге кедергі болғанын несіне жасырамыз. Былтыр осы уақытта егініміз жайқалып тұрған. Біз былтырғыдан 15-20 күнге кешіккенімізді біліп отырмыз, - дейді шаруашылықтың жас қожайыны.
- Қандай тыңайтқыштар қолданасыздыр?
-Тыңайтқышсыз болмайды, өздеріңіз білесіздер біздің жеріміз құнарсыз ғой. Сол үшін селитра пайдаланамыз. Биыл мен 72 мыңнан 30 тонна тыңайтқыш сатып алдым, жұмсаған ақшамның жартысын мемлекет төледі.
- Судың тарифы не болды?
- Өткен жылы мен ай сайын 700 мыңнан астам теңге төлеп тұрдым, кейін мұның жартысын субсидия арқылы кері қайтарып берді. Ал бұрын мемлекет 80 пайызын төлеп келді. Менің өтінішім сол осылайша төлеуге қайта қол жеткізсек деймін. Онда біздің көкөністеріміз де базарда арзан болған болар еді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор