14 маусымда таңертеңгі сағат 9-да орталық көпірден екі бойжеткен секіріп кетті. Қуанышқа орай, олардың екеуі де ажалдан аман қалды.
- Екі қыз баланың біреуі секіргенде жағада жүрген кісілер байқап қалып, бізге хабарлады. Және уақыт кетірмей өздері де сол қызды құтқаруға жүгірген. Ал, екіншісі оның артынан секірген. Оны біз үлгеріп, судан шығарып алдық. Тиісті көмек көрсеттік. Екеуін де облыстық ауруханаға жеткізді, - дейді ТЖД судан құтқару қызметінің кезекшісі Берікқали АЙДАРОВ.
Облыстық аурухананың қабылдау бөлімінен бойжеткеннің бірі (көпірден бірінші секірген) жансақтау бөлімінде болса, ал екіншісінің үйіне жіберілгенін білдік. Атырау облыстық ауруханасының жансақтау бөлімшесі меңгерушісінің уақытша міндетін атқарушы Салтанат ЖАМАНҚҰЛОВ жансақтау бөліміне түскен науқастың жағдайы бірқалыпты екенін, жуық арада терапия бөліміне ауыстырылатынын айтқан еді.
Қазір жалпы терапия бөліміне ауыстырылған бойжеткен үйіне шығарылды. Біз оның СМП-136 ықшам ауданында тұрып жатқан үйіне барып, халін сұрамақшы болдық. Алайда, қыздың анасы оның Ақтөбе қаласына кетіп қалғанын айтты.
- Салихаш отбасында кенжеміз болғасын ба, ерке, өз дегенімен жүреді, біздің айтқанымызды тыңдамайтыны бар. Көпірден секіретін күннің алдында кешкісін бір құрбысының туған күніне кетіп бара жатқанын айтқан болатын. Ал, келесі күні таңертең қасындағы қыздармен «көпірден секіре аламын» деп бәстескен. Өзінен де сұрасақ, «секіргім келді, қыздармен бәстестім де секірдім» деп жауап беріп отыр, - дейді анасы.
Оның айтуынша, Салихаштың облыстық ауруханада екенін сол күні түстен кейін көпір үстінде бірге болған Ұлбосын есімді құрбысы хабарлаған. Сондай-ақ, Салихаштың анасы өздерінің Қарақалпақстанның Ходжелі қаласынан көшіп келген оралман екендерін айтты. Олар мұнда пәтер жалдап тұрады екен.
Ұлбосын есімді екінші бойжеткенімізден мән-жайды сұрамақшы болып, суда құтқарушыларға айтқан Жилгородоктағы мекен - жайына іздеп барғанымызда, қыздың онда тұрмайтыны белгілі болды.
Айнұр САПАРОВА