Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сот жалған монета жасаған 5 айыпталушыға үкім шығарды.
Естеріңізге салсақ, өткен жылдың 25 қазанында қаржы полициясы Атыраудан жалған доллар дайындайтын астыртын цехты тапқан болатын. Ол жеке үйлердің біріндегі көлікжайда орналасқан. Тінту барысында дайын болған 2 443 жүз долларлық купюралар мен 2 505 қағаз қиындыларының дайындамасы табылған. Бір қызығы, жалған ақшалар түрлі полиграфиялық өнімдерді дайындауға арналған зауыт станогында басылған. Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыспен күрес жөніндегі департаменттің тергеу басқармасының бастығы Ерлан ЕГЕУБЕКОВТІҢ (суретте) айтуынша, бір кездері бұл станокқа Алматыдағы газеттердің бірі басып шығарылыпты, кейін оны есептен шығарып тастаған. Қылмыскерлер оны сатып алып, жалған ақша басуға бейімдеген. Олардың сапасын Е. Егеубеков «өте жоғары» деп бағалады. Оның айтуынша, бұл станоктан шыққан жалған купюраның бірде-бірі айналымға түсіп үлгермепті.
Қылмыскерлердің басшысы Аслан ЕРҒАЛИЕВ қатаң режимде 13 жыл, Бегәлі ШАМШИДЕНОВ – 12 жыл, Асұлан АЙМҰРАТОВ пен Еркін ОРЫНБАСАРОВ – қатаң режимде 9 жылдан жаза алған. Тағы бір қатысушы Бекболат ӘБУҒАЛИЕВТІ 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды.
Анастасия ПАСТУХОВА,
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ