Атырау, 12 желтоқсан 08:28
 қар жаууы ықтималВ Атырау +1
$ 516.93
€ 542.52
₽ 4.98

Жүк-200

3 797 просмотра

9 маусымда, сағат 18.45-те Атырау әуежайына «Арқанкерген» шекара бекетінде апат болған үш сарбаздың  мүрделері тиелген Ан-26 ұшағы келіп қонды.

Облыс әкімі аппаратының жетекшісі Асқар ДОСПАЕВТЫҢ айтуынша, Индер ауданынан аттанған сарбаздың мүрдесі әлі танылған жоқ.

Әскери ұшақтың ұшып келуінен 2 сағат бұрын әуежайға Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Ардақ ҚОҚАТОВ, Атырауда орналасқан шекара отрядының бастығы Бауыржан ӘБСАЛЫҚОВ және оның отрядының офицерлері мен жауынгерлері келді.

Қаза болғандардың туған-туысқандары әуежайда болған жоқ.

Бүгінгі күні Қазақстанның әр аймағына Астанадан ұшақпен мерт болған 11 шекарашының денесі жіберілді. Әскери ұшақ  Атырауға сағат 18.45-те қонды. «Жүк-200» ұшағын Үшарал гарнизонының офицерлері алып келді. Олардың қарсы алушыларға қысқаша мәлімдемесінен соң, әскерилер ұшақтан Қазақстан байрағына оралған табыттарды шығара бастады. «Жүк-200» әуе құралының тасымалдау ережесі бойынша мырыш табыттар жабық ағаш жәшіктерге орналастырылған.

Ұшаққа қарай әскери машиналар жылжыды, оның біріне қызылқоғалық  және мақаттық сарбаздың мүрдесі салынған екі табытты салды.

– Олардың денесі үйлеріне тікұшақпен жеткізіледі, - деді аппарат жетекшісі А.Доспаев. – Құрманғазылық сарбаздың мүрдесі туған жеріне әскери көлікпен жеткізілмек. Машинаны Үшаралдан келген офицерлер мен жергілікті шекарашылар алып барады. Жерлеу рәсімі ертең болады. Офицерлер қаза болғандарды ақтық сапарға әскери құрметпен шығарып салады.

Келесі күні жексенбі, 10 маусымда шекарашыларды соңғы сапарға аттандырды.

Мемлекет басшысының өкімімен қаза болған шекарашылардың әрқайсысының отбасына 1 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді.

Естеріңізге сала кетейік, опат болғандардың ішінде төрт атыраулық болатын, олар: Индер ауданынан Мейірхан ИМЕНОВ,  Мақат ауданы, Доссордан  Данияр БАЛҒАБАЕВ, Құрманғазы ауданы, Жыланды селосынан  Жеңіс САҒЫНҒАЛИЕВ, Қызылқоға ауданының Миялы селосынан Бекзат ӘМІРҒАЛИЕВ. Олардың барлығы да әскерге бір уақытта шақырылғандар, әскери борыштарын бар-жоғы жарты жыл ғана өтеді.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

13 маусым 2012, 18:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.