Құрманғазы ауданы прокурорының көмекшісі Магилан РАХИМОВ киік мүйізін тасушының ісі сотта қаралатынын хабарлады.
Алматылық 30 жастағы жігіт Құрманғазы ауданы, Байда селолық округіне қарасты «Құрманғазы» шекарасында ұсталған еді. Тексеріс барысында оның машинасының қорабынан 178 дана киік мүйіздері табылды. Ірі көлемдегі мүйіз тасушының үстінен ҚР ҚК 290 бабы бойынша қылмыстық іс көтерілген болатын.
Индер ауданында 17 ірі қарадан бруцеллезге оң өзгеріс байқалған.
Малды тексерістен өткізу жалғасуда. Мамандар өткен жылға қарағанда, мал арасында бруцеллез дерті саябырсыды деп отыр.
Биыл мақаттық 249 түлек ҰБТ-да өз білімдерін сарапқа салғанымен, қуантарлықтай нәтижеге жете алмады.
Мәселен, «Алтын белгіге» үміткер 10 түлектің 1-уі ғана қорғап шықса, ал 51 оқушы «екілік» алып қалды. Математика пәнінен сүрінушілер көп. 35 түлек осы пәннен екілік баға алған. Өткен жылы білім сапасы 61,4 пайыз болса, ал биыл 54,6 пайызға кеміп отыр.
Мақат ауданында тұрғын үй салуға тілек білдірушілер көбейе түсуде.
Тексеру нәтижелеріне сүйенсек, аудан бойынша 2005-2010 жылдары 927 адамға тұрғын үй учаскесі беріліпті. Екі жылда 28 адам алған жер учаскесінің әлі өз мақсатына пайдаланылмағаны да осы тексеріс барысында анықталды. Мұның шарасын алу үшін құзырлы орындарға ұсыныстар жолданған.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА