Индер ауданының Аққала селосына таяу, “Бағырлай” каналы бойында Александр Когайдың отбасы екі жылдан бері егін егіп отыр.
Тумысынан еңбекқор кәріс ұлтының өкілі Александрды бұл өңірде бәрі таниды. Өзі қазақшаға да ағып тұр. Ол биыл да ерте көктемнен бастап «Бағырлайдың» бойына 4 гектар жерге егін салған еді. Оған зайыбы Қалығыз ЕСҚАЙЫРОВА мен 12 жасар ұлы Владимир көмектеседі екен.
- Биыл күн ерте ысыды. Кейде түнделетіп егін суаруға тура келеді. Себебі, түнде судың жүруі жақсы. Сосын күн шықпай тағы іске кірісесің, - дейді ол.
Александр егін жинарда ауыл адамдарын жұмысқа тартады екен.
- Жұмыссыздардың қаржылай нәпақа тауып, өнімін қоса алып жатуы, адамның еңбекке деген құлшынысын арттырады,- дейді Когай.
- Біз үкіметтен қаржылай көмек алсақ дейміз. Пайыздық мөлшері аз несиеге қол жеткізсек, шағын жылыжай салу ойда бар. Ондай жағдайда біз қыста да еңбек етер едік, -дейді Қалығыз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА