Атырау, 24 қараша 16:07
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ганюшкинде ішіңіз ауырмасын

3 304 просмотра

Пойыз жолаушысы Ганюшкин теміржол стансасында әжетхана іздеп зыр жүгірді. Дәлірек айтсақ, Астрахан-Атырау поезымен Ресейден Қазақстанға келе жатқан жолаушы өте қолайсыз жағдайға тап болған.

- Жолда шұжық жеп едім, сол жақпай қалған сияқты. Құсып, мазам кетіп, әжетхана іздедім. Сол сәтте пойыз Ганюшкин стансасына тоқтаған еді. Ал вагондағы әжетхана пойыздың тоқтауына орай кілттенген болатын, - дейді жолаушы әйел. – Пойыз Ганюшкинде екі сағат тұрады. Мұндай уақытқа шыдамасым белгілі, сосын стансаға жүгірдім. Алайда, стансаның іші-сыртынан әжетхана таппадым. Сол маңдағы үйлер де қысылып тұрғанымды көре тұра кіргізбеді. Әрең дегенде станса жанындағы бір жекеменшік мекеменің әжетханасына кіруге рұқсат алдым. Қалайша, осындай үлкен стансада жолаушылар үшін қарапайым жағдайлар жасалмаған?  – дейді жолаушы күйініп.

Атырау теміржол стансасының бастығы Гүлсім БИТАШЕВАНЫҢ айтуынша,Ганюшкин теміржол стансасы «Яик Трейдинг» ЖШС балансында екен. Ал «Яик Трейдинг» ЖШС-нің директоры Гүлдерай БЕКТАҒАНОВА Ганюшкин теміржол стансасының Ақкөл поселкелік округі әкімі аппаратының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне қарайтынын айтты:

- Біздің мекеменің құзырына тек сумен, жарықпен, жылумен қамту, вокзалдың ішін тазалау, сыпыру қызметтері ғана кіреді. Ганюшкин стансасы 1971 жылы салынған. Әжетхана онда о бастан болған емес. Даладан әжетхана салуға болар еді. Ол үшін Ақкөл поселкелік округі әкімі жер учаскесін бөлуі керек.

Г. Бектағанова әжетхананың Мақат, Сағыз стансаларында да жоқ екенін, ал Құлсары стансасында тек жақында ғана салынғанын тілге тиек етті. Және «Құлсарыда шетелдіктер көп қой» дегенді қосып қойды.

Ақкөл поселкелік округі әкіміаппаратының бас маманы Светлана МЕДЕЕВА станса маңында бір жылдары әжетхана болғанын айтты.

- Бұл әжетхана СЭС мамандарының тексеруінен кейін санитарлық талапқа сай келмегендіктен бұзылып, оның орнына кейін дүкен тұрғызылды. Жалпы, бұл жердегі нысандар тығыз салынған, әжетханаға лайық орын жоқ.

Олай болса, құрметті жолаушылар, іштеріңе абай болыңдар!

Айнұр САПАРОВА

13 маусым 2012, 18:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.