Саша ДЕНИСОВТЫҢ коллажыаяу күндері Маңғыстау облысында кісі өлтірді деп күдіктелген тұлға ұсталды. Оған 2008 жылы Атыраудың әділет департаментінде өлген адамның атына «таза» төлқұжат беріліпті.
ӨТІНІШТЕР ХИКАЯСЫ
Естеріңізге салсақ, бірнеше жыл бұрын әділет басқармасындағы прокурорлық тексеру даулы фактіні анықтаған болатын. Кісі өлтіргені үшін іздестіріліп жатқан Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Атыраудан жаңа төлқұжат алыпты.
Ал мәселе былай болған: 1972 жылы туылған Атырау облысының тумасы Сағитжан ЖАЛЕЛОВ 2002 жылы 23 мамырда қайтыс болғандығы туралы куәлікке сәйкес, өкпе-жүрек ақаулығы (фиброзды-каверкозды туберкулез) салдарынан Ақжар селосында көз жұмған.
2008 жылдың мамырында марқұм «тіріліп кетіп», қалалық әділет басқармасына жаңа төлқұжат алу үшін өтініш береді. Бір таң қаларлығы – оны бір айдан кейін алыпты.
Прокуратура қызметкерінің қазымырлығы болмағанда, бұл хикая байқаусыз қалар ма еді, кім білсін. Жоспарлы тексеру барысында ол халықаралық іздеу жарияланған қылмыскерлерге «таза» төлқұжатты заңсыз беру сызбасын анықтаған. Соған қарағанда, бұл тек бір жағдай ғана емес. Алайда, прокуратура басқа оқиғалар туралы әңгімелеуге асықпайды. Шамасы, тергеу құпиясы шығар.
Өз ісімізге оралайық. Сәл кейінірек тағы бір қызықты деталь анықталды. Құжатты алушы 1967 жылы туылған Өскемен қаласының тумасы, әлдебір Р. АХМЕТОВ деген азамат боп шыққан. Ал «таза» төлқұжатқа ол шынымен де қатты мұқтаж болыпты. Түрлі мәлімет бойынша, өскемендік азамат бірқатар қылмыстармен айыпталған, олардың арасында ұрлық та, есірткі саудасы да бар.
БАҚЫЛАУ ҚОРҚЫНЫШТЫ ЕМЕС
…Құжатты алған азамат еркінсіп, жасырынуды доғарып, Атырауға қоныс тебеді. Ал кейін басынғаны сондай, тіптi Ресейге өз жаңа төлқұжатымен барып келуге тәуекел етеді. Прокуратураның мәліметтері бойынша, ол Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясымен мемлекеттік шекарасын Атырау облысының «Құрманғазы» өткізу қосыны арқылы ешқандай шырғалаңсыз бес мәрте кесіп өткен.
БАҚ-тарда осы оқиға жария болғаннан кейін әділет органдарында әжептәуір жанжал тұтанады. Кейінірек белгілі болғандай, әділет департаментінде көпшілігі сөгіс алған, ал төлқұжат беруге тікелей қатысы бар екі адамды жұмыстан шығарыпты. Департаменттегілердің ешқайсысы қылмыстық тәртіппен жазаланбаған.
Сол кезде қылмыскерді ұстап, жазалаудың сәті түспепті: ол ғайып болған.
Тек төрт жыл өткеннен кейін ғана Ахметовті ұстады. Ол Маңғыстау облысына жасырынған екен.
Осы уақыт ішінде тергеуге дейінгі материалдарды қарау мерзімінің өтуіне байланысты қылмыстық іс тоқтатылған. Бағына қарай, бұл уақытта іздестіру тоқтатылмаған.
- Қазір қылмыстық істі қозғау туралы мәселе шешілуде, - дейді Атырау облыстық қаржы полициясының баспасөз хатшысы Алтынай МҰХТАРОВА. - Дәлірек айтқанда, ол Атырауға жеткізілетін болады. Сот осы жерде болады, сондай-ақ, төлқұжат берудің басқа оқиғалары анықталмақ. Ол жасаған басқа да қылмыстар жазасыз қалмайды.
Анастасия ПАСТУХОВА