Саша ДЕНИСОВТЫҢ коллажы
Жер заңнамаларына қатысты сот істері барысында жергілікті атқарушы органдар тарапынан өрескел заң бұзушылықтар анықталып жатады. Бұл туралы Атырау облыстық прокуратурасында өткен алқада әңгіме қозғалды.
Прокуратураның статистикалық мәліметтеріне жүгінсек, өткен жылы облыс соттарына 78 талап арыз түскен, оның 20-сы қанағаттандырылған, 23 іс бойынша сот талаптарды қанағаттандырудан бас тартты. 23 арыз қараусыз қалдырылды, 12 іс бойынша сот тергеуі тоқтатылды.
Атырау облысы соттарында қаралған жерге байланысты құқықтық қатынастардан туындайтын даулар мен азаматтық істер жөніндегі сот тәжірибесінің жағдайы туралы облыс прокурорының көмекшісі Нұрсұлтан САППАЕВ баяндады:
- Сот істерінің талдауы көрсеткендей, талап арыздардың басым бөлігі жергілікті басқару органдарының актілерін заңсыз және жарамсыз деп тану жөніндегі Атырау облысы тұрғындарынан түскен арыздар. Жергілікті атқару органдары жауапкер болып келетін сот істерінде көбіне олардың тарапынан жіберілген жер заңнамалары нормаларының бұзылуы анықталады. Олар жер учаскелерін заңсыз беру және кеңейту, жер учаскелерін босату және талап ету туралы заңсыз актілер. Сондай-ақ, меншік иесі бола тұра, жер учаскесін беру секілді заң бұзушылықтар да орын алған. Әдетте, осындай заң бұзушылықтарды анықтау барысында азаматтардың талап арыздары қанағаттандырылады, ал, жергілікті атқарушы органдардың шешімдері мен актілерін сот заңсыз және жарамсыз деп таниды және кейіннен жойылады. Нұрсұлтан Саппаев шенеуніктердің жер заңнамалары нормаларын бұзған бірқатар мысалдарын келтірді. Солардың бірі Құлсары қаласында орын алды. Тұрғын үй иесі өз үйінің аумағына кіріп жатқан жер учаскесін кеңсе құрылысы үшін кәсіпкерге заңсыз берілгендігін сотта дәлелдеп, жеңіп шықты.
Сотта тұрғындардың кондоминиумға қатысушылар меншігіндегі және бөлінуге жатпайтын жер учаскесін құрылыс кеңсесі үшін өз келісімдерін бермегендігі анықталды. Сондай-ақ, жер учаскесін тексеруге тиісті арнайы құрылған комиссия ол жерге тіптен бармаған болып шықты. Тиісті тексерулерсіз комиссия мүшелері оң тұжырым жасаған, ал осыны негізге алған Жылыой ауданының әкімі кеңсе құрылысы үшін жер учаскесін беру жөнінде шешім шығарған. Шенеуніктер кеңсе құрылысы барысында оның қабырғаларының терезесі және өрт сөндіру баспалдақтары бар тұрғын үй қабырғаларына қабысып қалатындығын ескермеген, ал, бұл нормаға қайшы келеді. Нәтижесінде бұл дау бойынша талап-арыз қанағаттандырылды, Жылыой әкімінің шешімі және аудандық жер қатынастары бөлімінің жер учаскесін беру жөніндегі актісі заңсыз және жарамсыз деп танылды.
Атырау облысының прокуроры Сайфулла КЕМАЛОВ алқада қатысып отырған жер қатынастары және сәулет бөлімдерінің өкілдеріне қарап, былай деді:
- Бұл мәселелерге жауапкершілікпен қарау керек. Біздің азаматтарымыздың құқықтарына нұқсан келтіретін ондай өрескел заң бұзушылықтарға алдағы уақытта жол берілмесін. Сондай-ақ, ол сот қараусыз қалдырған жер дауларына қатысты талап арыздардың біразын атап өтті де, өзінің қарауындағы қызметкерлерге қарап:
- Прокуратура барынша белсенді ұстанымда болуы тиіс. Талап арыздар дәлелді және өңделген болуы керек - деді.
Тамара СУХОМЛИНОВА