Атырау, 24 қараша 13:44
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шекарада қаза тапқандар

3 399 просмотра

"Арқан-Керген" шекара бекеті

 

 

Алдын - ала алынған мәліметтер бойынша, «Арқан-Керген» заставасында қаза болған шекарашылардың арасында Атырау облысының 4 сарбазы болған.

Атырау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Ардақ КУКАТОВ өз комментарийіне аса сақтықпен қарады:

- Қандай да болмасын мәлімдеме жасауға ерте, әзірге генетикалық сараптама нәтижелері жоқ, - деді ол. – Шамамен марқұмдардың төртеуі Құрманғазы, Мақат, Қызылқоға және Индер аудандарынан шекаралық әскерге шақырылған. Олардың ата-аналары мүрделерді тану үшін Астанаға жүріп кетті.

Бізге Атырауда орналасқан ҰҚК шекаралық қызметінің 20/16 әскери бөлімшесінің

тәрбие жұмыстары жөніндегі командирінің орынбасары Ербол МОЛДАШЕВПЕН хабарласудың сәті түсті. Ол Атырау облысынан Үшаралдағы шекаралық бөлімшеге шақырылған және «Арқан-Керген» заставасында болған шекарашылардың есімдерін атады.

Олар - Индер ауданынан Мейірхан ИМЕНОВ, Мақат ауданының Доссор селосынан Данияр БАЛҒАБАЕВ, Құрманғазы ауданының Жыланды селосынан Жеңіс САҒЫНҒАЛИЕВ (Дәулетұлы), Қызылқоға ауданының Миялы селосынан Бекзат ӘМІРҒАЛИЕВ.

Соңғы мәліметтер бойынша, Алматы облысындағы түгі қалмай өртеніп кеткен «Арқан-Керген» шекаралық заставасында түсініксіз жағдайда 15 адам– 14 әскери қызметкер менаң шаруашылығының бір қорықшысы қаза болған. Марқұмдардың сүйектері генетикалық сараптама жасау үшін Астанаға жеткізілді.

Индербор поселкесінде біздің тілшіміз Ләззат ҚАРАЖАНОВА Астанадан енді ғана ұшып келген Сағындық ИМЕНОВПЕН кездесіпті. Оның ұлы Мейірхан сол заставада қызмет еткен.

– 2 маусымда маған және Атырау облысының тағы үш тұрғынына оқиға болған жерге бару сапарын ұйымдастырды. Бізбен бірге Ақтөбедегі екі шекарашының және Орал қаласынан бір сарбаздың ата-аналары да болды. Содан кейін бізді мүрдеханаға апарды, бірақ марқұмдардың денелері қатты күйіп кеткен екен. Ал кейбірінің денелері бөлшектеліп қалған, сондықтан оларды тану мүмкін болмады. Біздің ешқайсымыз араларында балаларымыз бар ма, жоқ па, айта алмаймыз, - дейді Сағындық Именов. –Келген басқа ата-аналар секілді менен де қаннан сынама алды. Бірақ сараптама нәтижелері бір айдан кейін белгілі болатынын айтты. Ал  әскери қызметкерлер нәтижелердің одан бұрын белгілі болатындығына үміттендіріп отыр.

9 мамырда мереке күні әкесі ұлымен ұялы телефон арқылы сөйлескен кезде ол өздерін басқа жерге жіберіп жатқанын, әзірге байланыста болмайтынын хабарлаған. Мейірхан Именовті өткен жылдың 22 қарашасында әскер қатарына шақырған. Ол осы күзде үйіне оралуы тиіс болатын.

Доссорлық Данияр БАЛҒАБАЕВТЫҢ әкесі  Бағлан ҚАПАНОВ ұлының бұл дүниелік емес екендігіне сенгісі келмейді:

- Біз Астанадан жақында ғана келдік, зайыбымыз екеуміз талдамаға қан тапсырдық. Біз сол жерде болғанда, ұлымның әскери бөлімшесіндегі офицерлердің бірде-бірі бізбен кездескен жоқ. Ол жерде ешкім ештеңе білмейді. Бірақ маған ұлым керек, мен оның тірі екеніне сенемін, мен басқа ештеңе уайымдамаймын.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

30 мамырда ҚР ҰҚК шекара қызметінің “Шығыс” өңірлік басқармасы Үшарал шекара отряды “Сары бөктер” заставасының наряды тауда жазғы уақытта 15 шекарашы қызмет атқаратын “Арқан-Керген” шекара бекетінің жанып кеткен ғимаратын көрген. 13 адамның өртенген сүйектері, кейін тағы бір шекарашының мәйіті табылды. Бұдан басқа, бекет жанында орналасқан үйден аңшылық шаруашылығы қорықшысының денесі табылды. Оқиға болған жерде шекара қызметінің директоры генерал майор Нұржан МЫРЗАЛИЕВТІҢ басқаруымен ҚР ІІМ және бас әскери прокуратурасы мамандары мен өкілдерінің қатысуымен жедел тергеу тобы жұмыс істеуде.

6 маусым 2012, 17:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.