Атырау, 29 наурыз 14:19
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Лондоннан - Бекет атаға

2 045 просмотра

12 сәуір күні ерлі-зайыпты Робин мен Килли ЛИНЧ туған жерлері Лондоннан мотоциклге мініп, жолға шыққан болатын. Бірер күнде олар әулиелі Маңғыстаудың Оғланды тауындағы Бекет атаның басына баруға ниет етіп отыр. Килли әулиеден қандай тілек тілейтінін айтпады. Шамасы, алдын-ала айтсам тілегім орындалмай қалады деп қорқады-ау.

Биыл жасы 44-ті еңсерген Робин мотоциклмен ес білгелі дос. Ал осыдан үш жыл бұрын Киллидің де мотоциклге деген әуестігі ояныпты.

Ерлі-зайыптылардың саяхатқа деген құштарлығы қандарында бар секілді. Олар көп елдерді, континенттерді аралап шыққан. Алайда, мотоцикл мініп саяхат жасауға алғаш рет шығулары екен. Екеуі алдын-ала бүкіл интернетті қопарып, дүниежүзілік карта бойынша жоспар құрған. «Қолы ұзын» ғаламтор оларға қысқа жолды ғана нұсқап қоймай, тарихи-мәдени ескерткіштер туралы да ақпарат беріпті. 

Сөйтіп, олар біздің әулие Бекет атамыз туралы біраз мағлұмат жинаған. Ал оған сыйынып, тілек тілеу керектігі жөнінде осы жақтағы жаңа достары әңгімелеп берсе керек. Айтпақшы, достары оларға қажетті телефон нөмірлерін беріп, саяхат кезінде барынша қол ұштарын созып отырған. Мәселен, Робиннің Лондондағы досы Ресейдің тумасы көрінеді. Оның әкесі Астраханда, жиені Бакуде, ал жиенінің досы Сағытжан ОРАЛБАЕВ Атырауда тұрады. Солардың арқасында ерлі-зайыпты Линчтер ТМД халқы жөнінде өте жақсы пікірде екен. Олар біздің және бізбен көрші елдердің табиғатының сұлулығына, тамаша ескерткіштерімізге тәнті болыпты. Әсіресе, оларға Ресейдің Волгоград қаласындағы Отан-ана ескерткіші қатты әсер қалдырған.

Ал жолдардың жағдайы мәз емес. Ресейдегі ойлы-шұқырлы жерлердің бірінде Килли рөлге ие бола алмай, мотоциклдің орындығынан ұшып кеткен. Соның салдарынан Килли емделіп, темір тұлпарын жөндеу үшін ерлі-зайыптылар екі апта Волгоградта болыпты. Мотоцикліне қосалқы бөлшектер Ресейде табылмай, Англияға тапсырыс беруге тура келген. Оларды бір аптадан кейін Ташкенттен алмақшы. Саяхатшылардың демеушілері жоқ, Лондондағы пәтерлерін жалға беріп, өз хоббилерін өздері қаржыландырып отыр екен.

– Саяхатсыз өмір сүре алмаймыз, - дейді Килли. Ол әйелдер киімінің дизайнері көрінеді. Меймандос елдер мен олардың тамаша адамдары сыйлаған керемет әсерлерден шабыт алғанын жасырмады.

Атырауда аз аялдаған Робин мен Килли Маңғыстауға аттанып кетті. Содан кейін Орта Азия елдерін араламақ. Олар үйлеріне тек екі жылдан кейін ғана оралуды жоспарлап отыр.

Зульфия ИСКАЛИЕВА,

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

6 маусым 2012, 16:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.