Суретті салған Саша ДЕНИСОВТехникалық реттеу және метрология комитетінің қазақстандық сертификаттау және стандарттау институтының (ҚССИ) Атырау филиалының қызметкерлері облыстағы бес жүздей мемлекеттік мекемелерге мемлекеттік рәміздердің стандартқа сәйкестігіне қатысты тексеру жүргізді. Мыңдаған қазақстандық елтаңбалар мен тулар тексерілді. Олардың жартысына жуығын тексерушілер стандартқа сай келмейді деп тапты.
ҚССИ Атырау филиалының директоры Лес БАЙМҰҚАШЕВТІҢ айтуынша, мемлекеттік рәміздерді тексеру кезінде көлеміне, пропорционалдығына, түстік реңінің сақталуына және т.б. назар аударылады. Стандартқа сай келмейтін мемлекеттік рәміздер барлық талаптарға сай келетінімен ауыстырылуы тиіс. Міндетті түрде тиісті акті толтырылып, «жалған» тулар мен елтаңбалар жойылуы тиіс.
Сондай-ақ, тексерушілер мемлекеттік мекемелерді мемлекеттік рәміздердің дұрыс орналасуына қатысты тексереді. Мәселен, басшы кабинетінде ту тұғырда оң жақта, ал елтаңба кабинет қожайынының арқа тұсында орналасуы тиіс.
Әзірге анықталған сәйкессіздіктер үшін мемлекеттік мекеме басшылары ұйғарым мен ескертулер алды. Орындалмаған жағдайда, оларға 50 АЕК-ке дейін (80 900 теңге) айыппұл салынуы мүмкін.
Сол жердегі тексерушілер мемлекеттік рәміздердің стандарттарға сәйкестігіне бақылау жасап, ал жоғарыдағы билік қорлық фактілерінің жиілеуіне байланысты жазалау шараларын күшейтуді қолға алмақ.
31 мамырда Парламент мәжілісінің депутаттары «ҚР мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң жобасын мақұлдап, оны Сенатқа жолдады. Заң жобасында мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін айыппұл мөлшері көбейтілген, оларды дайындауда ұлттық стандарттарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік бекітіліп, мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілген.
Ал қазіргі кезде, ҚР Қылмыстық Кодексінің 317-бабына сәйкес, Қазақстанның мемлекеттік туын, елтаңбасын немесе әнұранын мазақ ету 200-ден 1 000 АЕК-ке (1 АЕК – 1 618 теңге) дейінгі айыппұлмен, немесе бір жылға дейін бостандығын шектеумен немесе сол мерзімге бостандығынан айыруға дейін жазаланады.
КӨГІЛДІР «ЗЕМБІЛ»
Айтпақшы, Атырауда қазақстандық туды мазақ еткен тұлғалар әлі күнге дейін жазаларын алған жоқ («Жайық самалы», 19.04.2012 жыл, №16 - санын қараңыз – «Туға «құрмет»).
Естеріңізге салсақ, оқырманымыз облыстық көлік прокуратурасының дуалы жанында қоқыс жинап жүрген адамдардың зембіл ретінде мемлекеттік тудың материалын пайдаланғанына куә болған. 12 сәуірде, осы жаңалық www.azh.kz сайтына жарияланғаннан кейінгі келесі күні Атырау облыстық ІІД ҚР Қылмыстық Кодексінің 317-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
«АЖ»-ға ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВА хабарлағандай, осы факті бойынша тексеру жүргізілуде, туды мазақ еткен тұлғалар әзірге анықталмаған.
Атырау облыстық прокурорының орынбасары Мұрат ТӨЛЕУБАЕВ бізді осы іс бойынша тексеру жұмыстары облыс прокуратурасы басшылығының бақылауына алынғандығына сендірді.
Фотосуреттер мен бейнежазба бола тұрып, тергеу жұмысының неліктен созылып кеткендігі түсініксіз. Шынымен де, облыстық көлік прокуратурасының басшылығы 11 сәуірде дуалдарының жанындағы қоқысты кімдердің тазалағанын анықтай алмағаны ма?
Тамара СУХОМЛИНОВА