УГ 157/9 мекемесіндегі сотталушылар ондағы жағдайдың нашарлығына шағымданады.
Редакцияға қоңырау шалған сондағы жазасын өтеушілердің бірі осылай деп дабыл қағады. Алайда оған бізбен хабарласудың сәті қалай түсті, ол біздің құзырымыздағы сауал емес. Жалпы талап қойып, белсенділік танытуды ешкім құптамайтынын білгендіктен оның аты-жөнін көрсетпеуге уәде берген едім.
- Бізге беретін тамақтың сапасы адам айтқысыз. Жейтініміз көбіне ботқа мен еті жоқ қарақұмық салаты, көкөністер мен жеміс-жидекті комиссия келерде ғана көреміз. Сабын, тіс пастасы дегендерді сатып аламыз, ақ жаймалар жетіспейді. Жалпы сотталушының 1 күндік рационына не кіреді және қандай заттармен қамтамасыз етілуге тиісті?-деп сұрады ол.
Қылмыстық атқару жүйесі комитетінде түзету мекемелері мен тергеу изоляторлары басқармалары қажеттіліктері мен азық-түлік үшін мемлекеттік сатып алулар тендері өткізілетінін айта кетуіміз керек. Оған бюджеттен аз қаржы бөлінбейді.
УГ157/9 мекемесінің бастығы әділет майоры Ержан МОЛДАБЕКОВТЫҢсөзіне сүйенсек биылғы жылдың 4 айына (қаңтар-сәуір) 1 сотталушыға 152 532 теңге ақша бөлінген.
- Олардың күндік рационы ҚР Үкіметінің 2003 жылы бекітілген №889 қаулысына сәйкесмөлшерде беріледі, - деп хабарлады Е.Молдабеков.
Бірнеше соғылған қоңыраулардан кейін ғана «2012 жылдың мамыр айына арналған 1 адамға бір тәулікке арнап бөлінген тағамдар тізімін» алудың сәті түсті. Олардың қатарында кәдімгі жармалардан өзге, 100 грамм І категориялы ет (ауруларға -150), 90 грамм балғын балық (ауруларға -110), 10 грамм сары май, аптасына 2 жұмыртқа, 40 грамм қант, 450 грамм картошка, 80 грамм сәбіз, 30 грамм қызылша,50граммалма, 50 миллиграм аскорбин қышқылы және т.б бар.
Ал киім-кешектерден 1 сотталушыға 1 құлақшын - 3 жылға, 1 тоқыма бас киім – 1,5 жылға, жаздық 1 бас киім - 2 жылға, 1 қалың күрте – 3 жылға, 1 мақталы күрте -2 жылға, 2 комплекті мақта -мата костюмі - 3 жылға, 2 комплекті іш киім - 2 жылға, 1 қалың шалбар -2 жылға, 1 жұп аяқ киім - 1 жылға, 1 жұп тәпішке - 2 жылға, 4 жұп шұлық- 1 жылға беріледі. Төсек жабдықтардан: 1 жамылғы - 3 жылға, 1 матрац, жастық – 4 жылга, 4 комплекті ақ жайма - 2 жылға, 2 жастық қап - 2 жылға пайдалануға ұсынылады.
Сондай-ақ УГ157/9 мекемесі қызметкерлерінің бірінің айтуынша 1 сотталушыға айына 200 грамм кір сабын, 1 тіс пастасы мен әжетхана қағазы бөлінеді.
- Бірақ олар әзірге жоқ, себебі сатылып алынған жоқ. Ал иіс сабын тек әйелдерге ғана тиесілі, - деді ол.
Сәния ТОЙКЕН