Атырау, 13 желтоқсан 04:12
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 522.91
€ 548.85
₽ 5.05

Бүлдіршіндер бәйгесі

4 759 просмотра

22-23 мамырда «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Аймақтық дене тәрбиесін және спортты дамыту орталығының ұйымдастыруымен мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер арасында өткізілген облыстық зерделі-спорттық эстафетадан ересектер жақсы әсер алып қайтты.

Сайысқа жеті аудандық және бір қалалық 7 балабақша командалары қатысты. Бұлар жергілікті деңгейде іріктеу турларында жеңіп шыққан ең күшті командалар. Әр командада 5-6 жастағы ұлдар мен қыздар тең алынған 10 баладан бар. Сайыста әртүрлі тапсырмалар болды, бірақ ең маңыздысы кедергілер арқылы мәреге дейін  тезірек жүгіріп жету ғана емес, берілген сөзді дұрыс құрастыру, мысалдарды шешу, сандарды 10-ға дейін рет-ретімен қою керек. Бүлдіршіндер берілген тапсырмаға жауапкершілікпен қарады. Өте пысықтары өз мысалдарын шешіп қана қоймай, өз командасындағы басқа ойыншылардың қателіктерін түзетуге де үлгерді.  

Эстафетаның бірінші күнгі қорытындылары бойынша финалистер – Махамбет, Жылыой, Исатай аудандарының және Атырау қаласының командалары анықталды.

ӘСЕТТІҢ БАҚЫТЫ

Дарын, Әсет және АяулымТез жүгіруден қала бүлдіршіндері аудан балаларына әжептәуір жол берді. Ауыл балақайларының шапшаңдығына көз ілеспейді. Әсіресе, Исатай ауданынан келген 5 жасар Әсет есте қалды. Оның қасында бүлдіршіндерге танымал кейіпкер найзағай МакКуин де жолда қалатын шығар. Оған бәрі қол шапалақтап, қошемет көрсетті.

- Сені бұлай тез жүгіруге кім үйретті? – деп сұрадым мен одан.

- Дарын.

Оның кім екенін сұрап үлгермедім. Жанымызға бір балақай жүгіріп келіп, Әсетті құшақтады. Дарын деген осы бала екен. Екеуі дос көрінеді. Кішкентай чемпиондардың жүздері бақыттан бал-бұл жанып тұрды, өйткені олар жаңа ғана жеңіп шығып, финалға шықққан еді.

РИШАТТЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Айта кету керек, мұндай пысық балақандар әр командада кездесті. Алайда, өкінішке орай, жеңімпаз бар жерде, жеңіліс табушы да болады. «Өркен» балабақшасынан (Құрманғазы ауданы) қатысқан бес жасар Ришат (суретте) үйіне ренжіп қайтты. Ересек тәтейлер командасының жеңіліп, финалға шықпай қалғанын айтқанда, жылап жіберді. «Тәтейлер неге өтірік айтады, біз жеңдік қой?»- деп сұрайды анасынан жылап тұрып. Сол сәтте аналары мен әкелерінің (әжелері, аталары, ағайлары мен тәтелері) қалай еткенде де әділдік орнатқысы келетінін түсінуге болады. Алайда егер ересектер бұл жағдайға байыппен қараса, балалар мұның бар болғаны ойын ғана екенін түсініп, абыроймен жеңуді үйренеді.

- Жүгірген ұнай ма?– деп сұрадым келесі күні Ришаттан. Ол басын изеді. Содан соң:

-  Жарысқанды ұнатамын, - деді.

- Ал сенің жақсы көретін мультигің қандай?

- «Тачки-2». Найзағай МакКуинді жақсы көремін. Ең желаяқ сол.

- Бізге тағы келесің бе?

- Жоқ, – Ришат менен теріс айналып, анасын құшақтады.

 

ИСАТАЙ – ЧЕМПИОН!

Чемпион атағы исатайлық балаларға бұйырды. Олар осымен төртінші жыл қатарынан жеңімпаз болып келеді. Бұл жолы команданың намысын «Қарлығаш» және «Балдырған» балабақшаларының бүлдіршіндері  қорғады.

- Біздің аудандағы зерделі тапсырмалар қиындау, біз оларды жазуға, санауға, құрастыруға үйретеміз, - дейді «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиешісі ЖайнарЗАКАРИЯЕВА. – Біз балалармен ақпан айынан бастап жаттыға бастадық. Наурызда аудандық жарыс өтті. Өзіміздің дене шынықтыру-сауықтыру кешеніміз бар, өзіміздің спорт залымызда жүгіреміз.

Екінші орын қалалық «Ақ бұлақ» балабақшасының еншісіне тиді.

Үшінші орынды Махамбет пен Жылыой аудандарының екі командасы өзара бөлісті.

Кішкентай жеңімпаздарды 2008 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Арман ШЫЛМАНОВ, сондай-ақ, эстафетамен қатар өткен «Оқушылардың дене тәрбиесін дамытудағы инновациялар» республикалық конференциясына қатысушылар марапаттады.

- Біз конференция қонақтарына финалдық ойынды арнайы көрсеттік, - дейді Аймақтық дене тәрбиесін және спортты дамыту орталығының директоры Сәдіржан ЖЕКЕНОВ. – Енді бүлдіршіндер эстафетасын республикалық деңгейге шығарғымыз келеді.   

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

 

30 мамыр 2012, 21:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.