Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы Айдос ДӘУКІШЕВ жергілікті бюджеттен Атырау және Құлсары қалаларының, Жаңа Қаратон, Махамбет, Миялы, Сағыз, Ганюшкин және Аққыстау поселкелерінің бас құрылыс жоспарын жасақтауға 245 млн теңге сұрады.
- Облыстың елді-мекендерінің көп бөлігі бей-берекетсіз салынуда. Атыраудың бас жоспары 2002 жылы бекітілді,қазір оның кейбір тұстары қайта қарауды талап етіп отыр, - дейді облыстың бас сәулетшісі. – Қала маңындағы Тасқала, Ақжар және Жаңаталап поселкелеріндегі жеке тұрғын үй салуға берілген жер учаскелері бас жоспарда қарастырылмаған. Қаланың инженерлік желілерінің картасы дұрыс жасалмаған, ал, бұл құрылысшылар мен коммуналшыларға жаңа және ескі желілерді ауыстыру барысында проблемалар туындатып отыр. Бұдан басқа, Мақат, Доссор және Индербор поселкелерінің бас жоспарларында ықшам аудандар құрылысының болашақ жоспарларын дайындау керек.
Құрылысқа қатысты бей-берекетсіздік мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Су тасқынына байланысты ақпанда өткен штаб мәжілісінде мобилизациялық дайындық, азаматтық қорғаныс, табиғи апаттарды ескерту мен жою жөніндегі басқарма бастығы Нұртас МҰХТАРОВ аудан әкімдерінің 1971 және 1993 жылдары болған су тасқыны кезінде су астында қалған жерлерден жер телімдерін беріп жатқандығын айтты. Енді әрбір көктем сайын жаңа ықшам аудандарға су астында қалу қаупі төніп тұр.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ