Атырау, 5 қазан 10:32
 ашықВ Атырау +25
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

13-үйдің тынысы тарылды

2 063 просмотра

Авангардтағы 2-ықшам ауданда №13 үйдің жанынан бірінен соң бірі бой түзеген жаңа құрылыстар тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне мүмкіндік бермей отыр.

 

ТЕРЕЗЕГЕ КҮН СӘУЛЕСІ ТҮСПЕЙДІ

Алдымен 13-үй мен 4-үйдің арасына Халық банкінің көпқабатты ғимаратын салды. Ол бүкіл кеңістікті қамтып, адамдар өтетін жерді тарылтып жіберген.

- Біз терезе жапқыштарымызды үнемі жауып қоюға мәжбүрміз. Күн сәулесі бәрібір бізге түспейді. Ал терезеден банктегі тіршілікті еріксіз бақылаймыз, олар да бізді көре алады. Соңғы подъездерді қоспағанда, пәтерлеріміздің терезелері тек бір жақ бетке қараған, - дейді №13 үй тұрғындары. – Қалыпты күн сәулесінің жоқтығынан балалардың көру қабілеті бұзылады. Ақпан айының аяғында үшінші қабаттағы пәтерлердің бірінде өрт болды. Өрт машинасы подъезд жақтан тар болғандықтан кіре алмай, өртті келесі бетте орналасқан 14-үй жақтан сөндіруге тура келді. Ал енді ол жерден жаңа өндірістік нысан салмақшы. Енді бізге өрт сөндірушілер немесе төтенше жағдай құтқарушылары қалай кіреді?

Олар хатты қалалық әкімдікке, сәулет бөліміне, төтенше жағдайлар қызметіне, прокуратураға жолдаған. Ал бір данасын бізге редакцияға алып келді.

«Үйлердің (№№13 және 14) ара қашықтығы 25 метр, осы учаскеден жаңа өндірістік нысан салынбақ. Құрылысты «Тамбовцев» ЖК жүргізеді. Құрылыс нормалары мен ережелері бойынша кез-келген өндірістік нысаннан тұрғын үйге дейінгі ара қашықтық 50 метрден кем болмауы тиіс. Осылайша, бұл құрылыс барлық нормалар мен ережелерді бұзып отыр, - деп жазыпты тұрғындар. – 2011 жылдың тамызында қалалық прокуратураға, Атырау қаласының әкімдігіне, «Нұр Отан» партиясына шағымдандық. Тек қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВТАН ғана жауап келді. Онда №13 және №14 үйлердің арасындағы учаске азамат Тамбовцевқа барлық нормативтерге сәйкес құрылыс дүкенін салуға бөлінгендігі жазылған.

Алайда тұрғындардың бұған күмәні бар.

Жаңа ғимарат №13 үйдің 1-қабатында орналасқан шағын бизнес қожайындарына қолайсыздық туғызатын болады. Олар өз клиенттерін жоғалтып алуы мүмкін: біріншіден, дәріхана мен ветеринарлық емхана көше жақтан көрінбейді, екіншіден, оларға өтіп кіру қиын.

- Көрші болуға біздің келісімімізді ешкім сұраған жоқ, - дейді кәсіпкерлер Наталья ПАК пен Сәуле БЕКЖАНОВА (суретте). – Ал тағы бір нысан – ломбард – қоршаудың ар жағында жабылып қалды.

 

ЖҰМЫС ТОБЫ ҚҰРЫЛДЫ

- Жер учаскесі тұрғындардың мүдделері ескерілмей, қауіпсіздік нормаларына қарамастан беріліп отыр деп есептейтін шағымдар баршылық, - дейді Атырау қаласының төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының бас маманы Жәнібек САРИЕВ. –3.01-01-2002 «Қала құрылысы. Қалалық және селолық қоныстарды жоспарлау және құрылысын салу» ҚР Құрылыс нормалары мен ережелерінде өртке қарсы талаптар бар. Тұрғын, қоғамдық және қосалқы ғимараттар арасында өрт сөндіруге қолайлы қашықтық сақталуы, өрт сөндіру машиналары өтуге мүмкіндік болуы тиіс. Ол ауданда қандай құрылыс салынатыны бізге белгісіз. Өйткені біздің басқарма жер бөлуге қатысатын мекемелер тізімінде жоқ. Біз тек нысандарды қабылдаймыз. Бірақ қалай болғанда да, осы қоршалған аумақ тұрғын үйге жақын орналасқан, бұл өрт қауіпсіздігі нормаларына қайшы келеді.

Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма қалалық әкімдікке облыс орталығында жеке үйлер мен қоғамдық ғимараттардың жөн-жосықсыз салынып жатқандығына алаңдаушылық білдірген хат жолдапты. «Бізге азаматтар мен БАҚ-тардан құрылыс алаңдары мен салынып жатқан нысандардың құрылыс нормаларына сәйкес екендігіне күмән келтірген хаттар мен шағымдар әлденеше рет түсті. Осыған байланысты өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселені шешуге қолдау көрсетуді сұраймыз», - делінген бұл хатта.

Ахуалға қатысты қала әкімінің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА комментарий берді:

-  №13 үй тұрғындарының шағымы бойынша учаске бөлуге және құрылыс салуға рұқсат берген қалалық сәулет бөлімінің және басқа органдардың өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Топ тұрғындар мен кәсіпкерлердің мүдделерін ескере отырып, нысан бойынша бүкіл құжаттамаларды тексеріп, өз қорытындыларын беретін болады.

Ал біз оқиғаның қалай өрбитінін қадағалайтын боламыз.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

30 мамыр 2012, 17:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.