Облыс әкімінің орынбасары Серік АЙДАРБЕКОВ президенттік «Болашақ» шәкіртақысының атыраулық түлектерімен кездесті.
Кездесудің бастамашылары «Болашақ» республикалық ассоциациясының мүшелері Асылбек ЖАКИЕВ және Дәуіржан АУҒАМБАЙ болды. Болашақтықтардың көпшілігінің бүгінгі күні өздерінің коммерциялық құрылымдағы жұмыстарын еріктілер қызметімен қатар жүргізіп отырғандығын атап өтуге болады. Жастардың айтуынша, әкім орынбасарымен болған кездесуде олар қоғамдық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
- Бұл балалардың барлығы да шетелден білім алды. Олар батыстың өмір салтымен және еріктілер принциптерімен жақсы таныс. Олардың бізге мойын бұруы өздеріне лайықты білім алуға мүмкіндік берген мемлекет алдындағы қарыздарын қайтару ниетінен туған болар деп ойлаймын, - дейді облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Эльдар ЖҰМАҒАЗИЕВ. - Әзірге оларға сараптама топ аясында түрлі – инновациялық жобалардан экологияға және көгалдандыруға бағытталған нақты жобалар жасауға ұсыныс берілді.
Д.Ауғамбайдың айтуынша, сараптама топтың міндетіне идеяларды жинақтау кіреді, кейін ол облыстық әкімдікпен бірлесе талқыланып, таңдаулы дегендері іс жүзінде жүзеге асырылады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА