Атырау, 28 қараша 13:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Терезеден түсіп те тонайды

2 788 просмотра

18 мамыр күні күндіз Атырауда үй ұрылары екі коттеджге ұрлыққа түскен. ҚІІБ жедел-тергеу тобымен бірге қылмыс болған жерде «АЖ» тілшісі де болып қайтты.

ТӨБЕТ ӨЗ ЖҰМЫСЫН ЖАСАДЫ

Күндізгі сағат екіде полицияға Самал ықшамауданындағы үйлердің бірінің қожайыны хабарласқан. Олардың айтуынша, олар сағат 9-дан 14-ке дейін үйде болмаған. Осы кезде бұл жерге шақырылмаған қонақтар келіпті. Ұрылар бүкіл үйдің астан-кестеңін шығарып, алтын әшекейлерді қолды қылған. Қылмыс болған жерді тексеру нәтижесі олардың кірер есік жанындағы терезенің жақтауын шығарып алып ішке кіргенін (темір тор болмаған), ал шаруаларын бітірген соң үйдің келесі бетіндегі терезе арқылы шығып кеткендігін көрсеткен. Сол кезде ұрылар пышақтарын түсіріп алыпты.

Пышақ арқылы ізге түскен Дос есімді тәжірибелі із кесуші төбет келесі көшеге дейін жүгіріп барған. Осы жерден із жоғалыпты. Шамасы, қылмыскерлер көлікке мініп кеткен болуы керек. Топ тергеушісі Асқар КӨШҚАЛИЕВ мұны ұйымдасқан топ жүзеге асырған болуы мүмкін деген жорамал жасады:

- Меніңше, бүгін бұл осымен біте қоймайтын сияқты.

Айтқандай болды. Бір сағаттан кейін Самалдан бірнеше жүздеген метрде орналасқан Жерұйық ықшамауданынан қоңырау түсті.

 

ТОРДАН ПАЙДА БОЛМАДЫ

Тоналған үйдің Дина есімді қожайыны сағат 12-ден 16-ға дейін үйде болмағандарын айтты. Қылмыскерлер терезе торын сүймен секілді әлденемен сындырып ішке кіріп, ноутбукты, жаңа тігін машинасы мен 200 мың теңге ақшаны алып кеткен.

- Осы торды қаншама ақша жұмсап орнатып едік, бұдан пайда болған жоқ, -деп қапаландыДина.

Із кесуші төбет тек біраз жерге дейін жүгіріп барды, шамасы қылмыскерлерді көлік күтіп тұрған болуы керек. Криминалист Ерлан ҚАЛИЕВ қылмыскерлердің қалдыруы мүмкін бірнеше саусақ таңбаларын түсіріп алды. Оларды компьютерлік дерекқор арқылы тексереді.

Динаның үйіне ұрылардың осымен екінші рет аяқ басуы. Өткен жылдың қыркүйек айында үйінен алтын әшекейлер мен 170 мың теңге ұрланып кеткен.  Айтпақшы, сол кезде қала бойынша коттедждерде пәтер ұрлықтары көбейіп кеткен еді. Ұрылар тобын ұстаған кезде оларға бірнеше ондаған эпизодтар бойынша айып тағылған болатын. Қазір олар жазаларын өтеуде. Шамасы, енді олардың ізбасарлары пайда болған секілді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

23 мамыр 2012, 23:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.