Атырау, 24 қараша 13:05
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Айғақ - бейнекамерада

3 104 просмотра

Полицей Руслан МЫРЗАБАЕВҚА қатысты іс аяқталып та қалды («АЖ» №2, 12.01.12 қараңыз – «Қуғыншылардың ісі қайта тергелмек»). 21 мамырда №2 қалалық сот Мырзабаевты және оның жолдасы Еркін ЕШЛАНОВТЫ 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Екеуі де сот залында қамауға алынды.

Осынау атышулы істің хикаясын естеріңізге салайық. 2011 жылдың наурызында облыстық ІІД криминалдық полиция бастығының орынбасары Руслан Мырзабаев пен АМӨЗ қызметкері Еркін Ешланов қала ортасында төбелес шығарып, Атырау қаласы прокурорының көмекшісі А. ҚОҢЫРОВТЫ және азамат Ж. БАТЫРҒАЛИЕВТЫ аяусыз ұрып соққан. Тапаншаларын кезенген алдыңғы екеуі жапа шегушілерді өз көліктеріне итеріп мінгізіп, қала сыртына алып кетіп, сол жерге ұрып-соғуды жалғастырады. Содан кейін зардап шегушілердің ноутбук пен алтын алқаларын алып кетіп қалған.

Мырзабаевқа қызметтік өкілеттігін асырды, қарақшылық жасап, адамдарды ұрлады деген айып тағылды. Е. Ешланов қарақшылық пен адамдарды ұрлады деп айыпталды.

№2 Атырау қалалық сотының 2011 жылдың 17 тамызындағы алғашқы үкімі жеңіл болған еді. Р. Мырзабаев пен Е. Ешлановтың қылмыстық әрекеттері бұзақылық ретінде танылып, шартты түрде жаза тағайындалған болатын. Ал басқа айып баптары бойынша ақталып шықты. Содан кейін облыстық прокуратура апелляциялық наразылық түсірді. Бірақ ол қабыл алынбады, соған байланысты Бас прокуратураға наразылықты қадағалау тәртібімен енгізу туралы ұйғарым шығарылып, бұл шара қолдау тапты.

ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының 2011 жылғы 13 желтоқсандағы қаулысымен қадағалау наразылығы болған сот актілерінің жойылуы және қылмыстық істің қайтадан қарауға жолдануы арқылы толықтай қанағаттандырылды.

Биыл ақпан айында облыс прокурорының қылмыстық-сот қадағалау жөніндегі көмекшісі Ләззат НҰРМАҒАМБЕТОВА қалалық бақылау камераларының бейнежазбалары негізінде қосымша портреттік сараптама тағайындалғаны туралы хабарлаған еді. Бұл жазбалар Мырзабаев пен Ешлановтың жапа шегушілерге бірінші боп тиіскеніне дәлел болды. Алайда Мырзабаев сол күні ауырып жатқанын және үйінде болғанын растаған болатын.

21 мамырда облыс прокурорының аға көмекшісі Ләззат Нұрмағамбетова №2 Атырау қалалық сотының 2012 жылғы 21 мамырдағы үкімімен, Р. Мырзабаев 179-баптың 2-тармағы (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша қарақшылықпен шабуыл жасау), 308-баптың 4-тармағы (күш қолдану арқылы билiктi не қызметтiк өкiлеттiктi асыра пайдалану) бойынша кінәлі деп танылғанын хабарлады. Қылмыстар жиынтығы бойынша ақырғы жаза 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы ретінде тағайындалды.

Е. Ешланов 179-баптың 2-тармағы (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша қарақшылықпен шабуыл жасау) бойынша кінәлі деп танылып, осындай мерзімде бас бостандығынан айыруға үкім шығарылған.

Сотталушылар жазаларын жалпы режимдегі түзету колониясында өтейтін болады.

- Үкім заңды күшіне енген жоқ. Ол күшіне енгенше сотталушылар тергеу изоляторында болады, - деді Нұрмағамбетова.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

23 мамыр 2012, 23:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.