27 мамырдан бастап Алматы бағытына жүретін пойыздардың қозғалыс кестесі өзгереді. Үш пойыздың орнына енді күн сайын біреуі жүретін болады.
Мамырдың аяғында «Жолаушылар тасымалы» АҚ 2012-2013 жылдарға пойыздар қозғалысының жаңа кестесін енгізеді. Бұл өзгерістердің тікелей біздің облысымызға да қатысы бар. Бұрын Атыраудан Алматы бағытына №29/30 және №41/42 жолаушылар пойызы баратын. Біріншісі жұп күндері, екіншісі тақ күндері жүретін. Маусымнан бастап оларға симферопольдық №469/470 пойызы қосылады.
- Бағыттарды оңтайландыру шеңберінде №29/30 жолаушылар пойызы алынып тасталып, күн сайынғы «Алматы - Атырау» бағытындағы №41/42 пойызы тағайындалды, - деді «Батыс» жолаушылар тасымалы жөніндегі аймақтық филиалының Атырау учаскесінің бастығы Әлмұхан ЕСҚАЛИЕВ.
Симферополь пойызы да жазда шықпайтын болды. Ә. Есқалиевтің айтуынша, өткен жылдары ол жолаушылардың көп сұранысына ие болмаған. Ал қазіргі жалғыз ғана алматылық пойызға келер болсақ, оның құрамында 16 вагон бар: 4 СВ, 4 плацкарт және 8 купелік вагондар. Вагондардың барлығы жаңа, кондиционермен және теледидармен жарақталған. Қазіргі кезде оған «фирмалық» деген атау беру туралы жұмыстар жүргізілуде. Пойыздың Атыраудан шығатын уақыты - 18.20, Алматыға жету уақыты – 19.35 (жолдағы уақыт – 49 сағат 15 минут). Алматыдан қозғалу – 12.38, Атырауға келу – 14.10 (жолдағы уақыт – 49 сағат 32 минут). Барлық жерде Астана уақыты көрсетілген. Билет құны купе вагонында - 8 800 теңге, СВ - 18 800 және плацкарт - 5 800 теңге тұрады.
«Астана – Атырау», «Атырау – Астрахань» және т.б. пойыздардың қозғалыс кестесі өзгеріссіз қалады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА