22 мамырда Атырауда жаңа коммуналдық және арендалық 5 үйдегі 270 пәтердің кілтін салтанатты түрде тапсыру рәсімі болып өтті. Қоныстанушылар арасында көп жылдан бері кезекте тұрғандар, мүгедектер, мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер мен мұғалімдер бар.
АВАНГАРД ЖОЛДА ҚАЛАДЫ
Датов, Жарбосынов көшелерінің бойындағы және Нұрсая ықшамауданындағы үйлерден берілетін жаңа пәтердің кілттерін қала әкімі Асқар КЕРІМОВ табыс етті.
- Соңғы 4 жыл ішінде Атырауда 15 мың пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша біз елімізде алдыңғы орындардың бірінде тұрмыз, - деді ол. – Бүгінде біз 1985 жылдан 2000 жылға дейін кезекте тұрғандарды баспанамен қамтамасыз еттік. Енді 2000 жылдан бастап кезекке тұрғандарға пәтерлер береміз. Биыл 3 мың, келесі жылы да сондай мөлшерде пәтер тапсыруды жоспарлап отырмыз. Бұдан басқа, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-мен 3 мың пәтерлік жаңа ықшамаудан салу туралы меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде - екі жыл ішінде 9 мың пәтер болады.
Датов көшесінің бойындағы үйден пәтер алғандар қатарында – Атырау гуманитарлық колледжінің оқытушысы, төрт баланың анасы Шынаргүл ҚАЙЫРОВА бар. Оның айтуынша, ұзақ уақыт кезек күткен олар пәтер жалдап жүрген. Ал олардың көршісі, агроколледждің оқытушысы Әлима МҰСАҒАЛИЕВА жаңа 2 бөлмелі пәтерге Кудряшов көшесіндегі апатты 7-үйден көшіп келген екен.
Нұрсая ықшамауданындағы №53 жаңа үйдің тұрғындарына кілт тапсырған А. Керімов осы ауданның қарқынды түрде салына бастайтынын, онда, мәселен, Авангардтағыдан көп үйлер болатынын мәлімдеді.
- Мектептер мен балабақшалар шалғай болғандықтан бастан өткеріп отырған қиындықтардың уақытша екендігіне сендіргім келеді. Осы нысандар бойынша жобалау-сметалық құжаттама дайын, кешікпей құрылысы басталады. Спорт және балалар алаңы салынатын болады. Ал әзірге мектепке балаларды таситын автобустар санын көбейтеміз.
ҚҰРЫЛЫСШЫНЫҢ СӨЗІ
Бізді қызықтырған басты мәселе – қоныстанушыларға берілген жаңа үйдің сапасы болды.
Датов көшесіндегі үш үйді салған мердігер компания «Алем Центр Строй» ЖШС өкілі Құрманғазы ӘЛІМОВ менің қойған сұрақтарымды ұната қоймады.
- Құрылыс өткен жылдың маусымында басталды. Бұрын бұл жерде батпақ бар болатын. Бетіне құм сеуіп, қазық қағып тастадық. Геодезистер зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғана қажетті қазықтар саны мен олардың ұзындығы бойынша ұсыныстар берді.
- Ал судың қайтадан жер бетіне шықпасына кепілдік бар ма?Ол қандай тереңдікте жатыр?
- Оның сізге қажеті қанша? Білмедім. Бұл сізге керек пе?
- Жаңа ықшамаудандар тұрғындарының баспана сапасына шағымдары көп. Сіз өз үйіңіз үшін кепілдік бере аласыз ба?
- Иә, бере аламын.
«АДАМДАР ОСЫҒАН ДА РИЗА»
Қалалық құрылыс бөлімінің бастығы Виктор ЦОЙМЕНәңгімемізді жалғастырдық. Ол біздің газетімізді қара күйе жақты деп айыптады:
-Барлық үйлер жобаға сәйкес салынады. Неге сіздер картон үйлер деп жазып отырсыздар? (Шамасы, жаңа үйлердің нашар сапасы туралы жарияланған мақаламызды айтса керек («АЖ» №9, 01.03.2012 ж. қараңыз - «Үгітілген үйлер»). Олар кірпіштен салынған.
- Бірақ ішкі аралықтары гипсокартоннан салынған ғой. Неге ванна бөлмесінде ойық саңылаулар бар?
- Бір жерден саңылау көрдіңіздер де тым асырып жібердіңіздер. Ал бөлме аралықтарын енді кірпіштен салатын боламыз. Бұл бүкіл арендалық және коммуналдық баспаналарға қатысты. Соның ішінде Тұлпар ықшамауданындағы 8 үй мен күрелген үйлердің орнына салынатын барлық үйлер бар. Әрине, бұл құнына әсер ететін болады.
- Ал қазір әлеуметтік баспананың құны қандай?
- Таза әрленген баспананың шаршы метрі 70 мың теңге. Көріп тұрсыз ба, тіпті 500 долларға да жетпейді. Осындай бағамен жергілікті құрылыс материалдары жоққа жақын Атыраудан үй салу оңай емес. Коммерциялық баспананың бағасымен салыстырыңыз - оның өңделмеген бастапқы шаршысының құны 170 мың теңге.
Жарбосынов көшесіндегі 87 Б мекен-жайындағы сол күні тапсырылған коммуналдық үйді барып көрдік. Құрылыс сапасындағы айырмашылықтар көзге айқын ұрып тұрды. Бұл жердегі сапа Нұрсая мен Датов көшесіндегі үйлерден анағұрлым жақсы екен. Виктор Цойдың айтуынша, бұл үйдегі шаршы метрдің құны - 90 мың теңге. Бұл ретте бүгінде салынып жатқан барлық әлеуметтік баспаналар жайлылықтың 3-ші, соңғы санатына жатады екен.
- Адамдар осы баспанаға да риза. Тегін беріліп жатыр ғой, - деп сөзін түйіндеді Цой.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ