Атырау, 24 қараша 12:42
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мұражай түні

6 070 просмотра

Мамырдың 18-і күні әдеттегідей  бүкіл әлем  мұражайлары мен өнер мен мәдени мұраға бей-жай қарамайтын адамзат атаулы өздерінің  кәсіби мерекелерін атап өткен еді.  Бұл шарадан Атыраудағы облыстық  тарихи-өлкетану мұражайы да тыс қалған жоқ.

Бұл күні ХVIII–ХIХ ғасырлардың басында  жасалған зергер шеберлердің аса қымбат бұйымдардан жасалған коллекциялары мұражайға келушілерді бейжай қалдырмағаны анық. Әсіресе жезден жасалған бұйымдар коллекциясы сан алуандығымен таң қалдырды. Жез самаурындар, шәйнектер, қазандар мен подностар, сүт құйғыштар назар аудартпай қоймайды. Олардың бәрі тұнып тұрған тарих. Бұл экспонаттардың көбін мұражай қорына облыс тұрғындары әкеліп тапсырған.

Ал 10 шақты жыл бұрын аудандарды аралаған экспедиция  нәтижесінде табылған ислами және көне славян  тіліндегі қолжазбаларының осы саланың білгірлері  үшін құны тереңде екеніне сөз жоқ.

Ең қызығы «Мұражай түні» болды. Әрине ол «Night at the Museum» қызықты оқиғалар мен фантастиканы біріктірген әйгілі америкалық отбасы комедиясындай таңға дейін созылмаса да, оны қарсы алуға асыққан атыраулық отбасылар көп болды. Әсіресе балалардың бұл түннен ғажайып күтіп, экспонаттарға аңырғанын тамашалау қызық болды. Мұражай қызметкерлерінің өздері де сол фильмдегі оқиға желісі (мұражайға қарауыл болып жұмысқа тұрған бас кейіпкер Ларри Дэйли алғашқы түні мұражай экспонаттарының тірілетінін көріп таң қалады. Түнгі мұражай дәліздерінде арыстандар, маймылдар, Атилла солдаттарымен, т.б экспонаттар кезіп жүреді. Сөйтсе, оның себебі Египеттен әкелінген  Ахкменр фараон мумиесімен байланысты болып шығады – С.Т.) негізсіз емес  деп санайды. Өйткені, әр заттың ғасырлар бойы бойына жинақтаған информациясы мен энергетикасын жоққа шығаруға болмайды. Эзотеризмге бойлау ойымызда жоқ, дегенмен мұражай қызметкерлері жалғыз қалып қойған сәттерінде аса бір энергетиканы сезетіндерін жасырмады. 

- Мұражайдың ескі мұрағатында түнде келіп еден жуатын әйел жылқылардың кісінеп, түйелердің боздаған дауыстарын естігенін жиі айтатын. Ал түнгі қарауылшылар да әлдебір дыбыстардан секемденетіндерін айтқанда сенімсіздік білдіргенбіз. Бірақ бір жолы кезекші болып қыстың күні жайырақ  қалып қойғаным бар. Жұмыс соңында «Мәдениет» бөлімінің жарығын сөндіріп шыға бергенімде Дина мен Құрманғазы бейнелері қозғалғандай, маған тірі адамдай тесірейе қараған жанарларының отын сездім. Бойымды діріл биледі. Сондағы қорыққанымды білсеңіз ғой. Меніңше, ол тегін емес, мына Дина экспонаты беліндегі белдік күйші апамыздың өзі қолданған белбеуі, - деп еске алады аты-жөнін айтпауды өтінген қызметкер.

Сонымен мұражай мерекесі де аяқталды. Ал оған келгендер әсерлерін көпке дейін ұмытпасы анық.

Сәния ТОЙКЕН, суретті түсірген Қанат Елеуов

23 мамыр 2012, 23:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.