Атырау, 28 қараша 13:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Мазасы қашқан Мақат

5 682 просмотра

Мақат аудандық ІІБ-і   мәліметі бойынша  өткен жылғы 4 айда  34 қылмыс тіркелсе,  биылғы жылдың 4 айында 67 қылмысқа дейін өскен.  Оны ауыздықтайтын ауданда полицей жетіспейді.

ТӨБЕЛЕСТІҢ СОҢЫ АТЫСПЕН АЯҚТАЛАДЫ

Соның салдарынан ба,  Доссорда төбелестің соңының атысқа  ұласуы  жиі кездесе  бастады.

- Қанша жасырғанымен поселкенің ішінде ауыл ауылға бөліне төбелесу әлі күнге болып тұрады. Бұл алаңдатарлық жағдай болғанымен полиция дәрменсіздік танытып отыр. Бұрын жастар бірін-бірі сабаумен шектелетін, енді оқтың дауысын еститін болдық,-дейді доссорлық Болат ТОҚМАМБЕТОВ.

Фактілер болғанымен оның бәрі бірдей полицейлер анықтамасына іліге бермейді. Доссорда2011 жылы қараша айындағы жастары 25-ке жетпеген жастардың «разборкасы» қайғылы жағдаймен аяқталған. Өзара келіспеген жастардың бірі мылтық (айтуынша, мылтықты көшеден тауып алған. Л. Қ.) арқылы есеп айырыспақ болады. Сөйтіп, моншадан жайбарақат шығып келе жатқан қарсыласын ай-шайға қарамай, атып тастаған. Нәтижесінде ауыр жараланған бірі ауруханаға жетпей мерт болса, екіншісі 9 жылға түрмеге қамалды. 2012 жылы сәуірдің 27-нен28-не қараған түнде 1989 жылғы 2 жас жігітті атып кеткен. Бірі желке тұсынан, ал екіншісі арқасынан жараланған болып шықты. Ауыр зардаптан бірі облыстық ауруханаға жатып емделген. Өкінішке орай, полиция бұл атыстың жайын әлі анықтай алмай отыр. Жәбірленушілердің айтуларынша, өз аулаларында тұрғанда белгісіз оқтан жараланған-мыс.

Полиция болса  поселкедегі жастар арасындағы төбелестерді  барынша жоққа шығаруға тырысып бағып отыр. 

-Поселкеде топтасып төбелесу тіркелген емес. Бізге ешкім шағымданған жоқ,-дейді Мақат аудандық ІІБ бастығының міндетін атқарушы Абидолла ТЫНЫМОВ

КАДР ТАПШЫЛЫҒЫ 

Тұрғындар қылмыстың өсіп кетуін кадр тапшылығымен байланыстыруда. Және полицейлер жергілікті жерден болмаған соң қылмыскерлерді табуда  оңай емес дейді олар. Айтса айтқандай, Мақат аудандық ІІБ-не 96 полицей қажет болса, бүгінде 20 адам жетіспеуде, 7 учаскелік инспектордың орны бірнеше айлардан бері бос тұр. Мақат аудандық ІІБ бұрынғы бастығы Бауыржан ҚАПАРОВ отставкіге кеткеннен бергі 5 айдан бері орны бос тұр, орынбасары уақытша міндетін ғана атқаруда.  Қазір аудандық ІІБ-де 1 мақаттық қана жұмыс жасайды, басқасы Қызылорда, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстары, мен Қызылқоға ауданынан келіп, еңбек етуде. Бірақ олардың үймен қамтылуы қиындау болып отыр. Мәселен, өткен жылы 1 полицейге үй берілген, қалғаны үй жалдап тұрып жатыр. Сондықтан ба жергілікті жастардың полиция болуға құлшынысы жоқ. «Дипломмен - ауылға» бағдарламасында 4 мамандық иелеріне - мұғалім, дәрігер, мәдениет қызметкері, спортшыларды баспанамен қамту қарастырылған да, полиция туралы бір ауыз сөз жоқ. Дегенмен Мақат ауданы әкімінің орынбасары Полымбет ХАСАНОВТЫҢ айтуынша, жуырда болған ОІІБ мен аудан әкімінің кездесуінде баспана жайлы мәселе өткір қозғалып, әкімдік бұрынғы ескі мектепті жатақхана етіп беруді ұйғарыпты. Оның қаншалықты тиімді шешім екенін кім білсін.

- Полицей болуға ешкімді күштеп көндіре алмаймыз, өз еріктері. Және екінің бірі полицей бола да алмайды. Өйткені «сүзгіден» өткенде кейбірі жарамай да қалады. Жуырда доссорлық жігіт ынта білдіргенімен, оның бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды,-дейді Атырау облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлназира МҰХТАРОВА.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

23 мамыр 2012, 19:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.