Осыдан бір ай бұрын Атырау қаласының әкімі Асқар КЕРІМОВ экономикалық жоспарлау бөлімі жанынан салық салынатын базаны кеңейту жөніндегі секторды құру туралы мәлімдеді. Жақында қалалық әкімдікте бұл жұмыстың алғашқы нәтижелері талқыланды.
Сектор меңгерушісі Сәкен МЫРЗАҒАЗИЕВТІҢ айтуынша, оның қызметкерлері «Дина» базары маңында орналасқан СМП-163 ықшам ауданындағы үйлердің пәтерлерін тексеріп шыққан. Салық органына тіркелместен жалға берілген 14 пәтер анықталды. Пәтер иелері 5-тен 15 АЕК (1 АЕК – 1618 теңге) көлемінде айыппұлды қарастыратын Әкімшілік іс жүргізу кодексінің 357-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Егер бұл заң бұзушылық бір жыл ішінде тағы да қайталанатын болса, онда ол 50 АЕК-ті құрайтын болады.
Сәкен Мырзағазиев пәтерлерді тексерудің оңайға түспегендігін айтады: пәтер жалдаушылар есіктерін ашпайды, ал, қожайындары болса, салық инспекторларымен кездесуден қашады. Сондықтан да әкімдік және салық инспекциясы қызметкерлерін учаскелік инспекторлар бастап жүрді.
- Салық инспекциясына есепке тұру жалға беруші үшін түк те қиындығы жоқ жұмыс, - дейді С.Мырзағазиев. – Құжаттардан тек үй кітапшасы мен жеке куәлігі ғана керек. Тіркеліп алсаңыз – заңға қатысты ешқандай да проблема туындамайды.
Атырау облысы бойынша салық басқармасы тіркелмеген салық төлемдерін (мобильдік топ) анықтау бөлімінің бастығы Бердеш ЖҰМАБАЕВ жыл басынан бері салық төлемеген 21 пәтерді жалға берушілер мен 68 таксист анықталды деп хабарлады. Оның айтуынша, рейдтер әлі де жалғасатын болады.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА